Білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында 2025 жылдың 6 айында атқарылған шаралар ақпараты

Білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтыратын әлеуметтік мәселеге төзімсіз көзқарасын қалыптастыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

Тоқсан сайын білім беру ұйымдарымен сала қызметкерлеріне мемлекеттік сатып алу, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, ашықтық пен жариялық қағидатын қалыптастыру жаңа нормативтік құқықтық актілердегі басқа да өзгерістер мен толықтырулар бойынша құқықтық оқытулар өткізіледі.

Семинарлар мен кеңестерде, білім саласындағы орын алған сыбайлас жемқорлық жағдайлармен оларға қатысты қабылданған шешімдер талқыланып, сыбайлас жемқорлықпен сотталған азаматтарға қатысты және арнайы органдардың дайындаған (оперативтік сьемка) бейнесюжеттердің көрсетілімдері ұйымдастырылады.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша әзірленген ақпараттық танымдық материалдар, брошюралар, афишалар, нұсқаулықтар таратылады.

Білім беру ұйымдарының басшылары мен есепешілерін жыл сайын уақытша қамау изоляторларына апарып көрсету арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен құқықтық оқытулар мен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Басқарма тарапынан барлық білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшыларына мемлекеттік қызмет көрсету мен мемлекеттік сатып алу, жолданымдарды қарау, педагогтерды жұмысқа қабылдау, аттестациядан өтуі мен қызметкерлердің еңбек ақыларын есептеу кезінде заңсыз артықшылықтар көрсетуге немесе сыйақы алуға (пара алу немесе пара беру) және қолданыстағы заңнама талаптарында қарастырылмаған өзге де әрекеттерді жасауға қатаң тыйым салынатындығы жөнінде үнемі ескертіледі.

Сонымен қатар, педагогтерден ақша жинау, сыйлық алу фактілері орын алған жағдайда білім беру ұйымының бірінші басшыларының тәртіптік жауапкершіліктері қаралатындығы барлық білім беру ұйымдарының басшыларына ескертілген.

Басқарма тарпынан өткізілетін онлайн, офлайн мәжілістердің барлығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу - күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Мектепке дейінгі, бастауыш, орта білім және кәсіптік білім беру сатылары бойынша көрсетілетін 34 мемлекеттік қызметтің 30 - ы автоматтандырылған.

Осы ретте қалған 4 - і мемлекеттік қызметтің стандарттарын автоматтандыруға сәйкестендіру үшін салалық министрлікпен тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. (1.Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру, 2.Он жасқа толған баланың пікірін есепке алу туралы қорғаншылар мен қамқоршылар органдарының шешімін беру, 3.Балаға кері әсер етпейтін ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарға баламен кездесуіне рұқсат беру, 4.Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алуды аяқтамаған адамдарға анықтама беру).

Алдағы уақытта салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылады.

Барлық білім беру ұйымдарында құзырлы органдардың байланыс телефондары көрсетілген стенділер әзірленген, арнайы «Сенім» жәшіктері мен «Сенiм телефондары» орнатылған. Сенім телефоны облыстық білім басқарамасының жанында да жұмыс жасайды.

Туындаған сұрақтармен мәселелерді дер кезінде шешу үшін Фейсбук әлеуметтік желісінде басқарма басшысының және орынбасарларының ұялы байланыс телефондары жарияланды.

Басқарма тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдануда.

Атап айтқанда, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының директорлары мен есепшілерінің лауазымдық міндеттеріне олардың жеке электронды цифрлық қолтаңбасын басқа біреудің пайдаланбауы үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауаптықта болатындығы енгізілді.

2024 жылға дейін мектептегі балаларға берілетін ыстық тамақ бойынша бірыңғай ұйымдастырушысы болып орта білім беру ұйымдары танылса, бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 214 қаулысымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай ұйымдастырушы болып Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы айқындалды.

Бүгінгі күні кәсіптік - техникалық білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау автоматтандырылған платформа арқылы өткізіліп, мемлекеттік тапсырыс «студентпен бірге қаражат» қағидасы негізінде ұйымдастырылды (2021 жылдан бастап).

Яғни, мемлекеттік тапсырыс оқу орындарына емес, мамандықтарға орналастырылып, талапкердің таңдауы бойынша студенттер колледждерге конкурстық негізде қабылданады.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабында білім беру ұйымдарының құзыреті белгіленген.

Осы баптың 1-тармағына сәйкес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.

Дегенмен, басқарма тарапынан 2024 жылдың 27 ақпанынан бастап орта білім беру ұйымдарындағы педагогтерді жұмысқа қабылдау тәртібінің сақталуы, артық штаттарды қалыптастырмау мақсатында кадрларды қабылдауға облыс бойынша мораторий қабылданды.

Облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелердің еңбек ақы төлеу қоры мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытына жүргізілген сыртқы талдаудың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша іс-шара жоспары бекітілді (антикор бірінші орынбасары А.Ашиковпен келісім жасалып, Қызылорда облыс әкімінің орынбасары Н.А.Сақтағановпен 12 тармақта бекітілген).

Жоспардың белгіленген тармақтары бойынша білім басқармасына қарасты мекемелерге («Ақша алушылардың тиісті шоттарына жұргізілген төлемдер бойынша, яғни 5-15А нысан бойынша) 6 рет ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде:

2021-2022 жылдар аралығында 17 мектептен 64,7 млн теңге;

2023 жылғы 18 сәуір – 15 мамыр аралығында 48 мектептен
59,1 млн теңге;

2024 жылғы 18 қаңтар – 1 мамыр аралығында 49 мектептен 108,3 млн теңге;

2024 жылғы 21-22 қараша күндері Жаңақорған ауданы бойынша 27 мектептен 35,4 млн. теңге қаржылық бұзушылықтар анықталып, қалпына келтірілді.

2024 жылы білім беру ұйымдарында есеп-қисап жүргізу үшін бірыңғай бұлтты бухгалтерия ақпараттық жүйесін енгізу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы қорытындысымен «E-Sandyq» ЖШС мекемесі жеңімпаз атанған болды.

Алайда, бұл мекеме келісім-шарт тармақтарын орындамай, мерзімінде өнімді ұсынбады.

Сол себепті басқарма тарапынан осы мекеменің мәселесі бойынша экономикалық сотқа талап арыз беріліп, қазіргі таңда сот процесі жүруде.

Ал, 2025 жылы білім беру ұйымдарында жаңа жүйе «Фаворит» бірыңғай бұлтты бухгалтерия бағдарламасы (бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады) қолданысқа енгізілуде.

Бұл ақпараттық жүйе оңтайландырылған және бюджет қаржысын мақсатты жұмсалуын қадағалап, бақылауда ұстау мүмкіндігі бар.

Бюджет қаражатының тиімсіз шығынын болдырмау балабақшаларда деректердің бұрмалануының алдын алу мақсатында 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы пилоттық режимде енгізілді.

2023 - 2024 жылдары осы қосымшаны іске қосу арқылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалардың саны нақтыланып, нәтижесінде 7.7 млрд. тг қаржы үнемделді.

Бұдан бөлек, анықталған жалған қатысулар есебінен босаған орындар арқылы кезектілік мәселесі шешімін тауып, мектепке дейінгі тәрбие саласына бөлінген қаржыдан 16,4 млрд. теңге үнемделіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

Айта кету керек, білім беру ұйымдарында анықталған қаржылық бұзушылықтар бойынша ақпарат Қызылорда облысының Прокуратурасына, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне,
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ұсынылып келеді.

Бүгінгі күні білім басқармасында 32 мемлекеттік қызметші ғана жұмыс жасайды.

Ал, облыста жеке білім беру ұйымдарынан бөлек басқармаға қарасты 544 мекемеде техқызметкерлерді қоспағанда 31 250 педагог қызмет атқарады (514 жеке білім беру ұйымында 5152 адам жұмыс жасайды).

Саланың ауқымдылығына байланысты облыстағы барлық қызметкерлердің қылмыстық құқық бұзушылықтар жасамауына және оларды бақылауда ұстауға қолда бар ресурстарымыздың кейде мүмкіндіктері жетіспей қалады.

Аудандық, қалалық білім бөлімдері өздеріне тікелей ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың алдын алу, оған жол бермеу басты функцияларының бірі болып табылады.

Дегенмен, басқарма тарапынан Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты №282 мектеп-лицейін зерделеу барысында мектеп директоры соңғы екі жылда 45 педагогты конкурссыз негізде заңсыз қабылдағаны анықталды.

Осы тектес жағдай С.Лапин атындағы №261 мектеп директоры тарапынан да орын алып, бұл деректер бойынша процесуалды шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.

Бұл бағыттағы жұмыстарды құқық қорғау органдарымен бірлесіп алдағы уақытта да жүргізетін болады.

 

 

Өкінішке орай, білім саласында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар орын алуда.

Білім басқармасының басшылығы тарапынан жылына 4 рет  өткізілетін кеңейтілген алқа отырыстарында, апта сайынғы аппараттық мәжілістерде аудандық, қалалық білім бөлімдері басшыларына сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу оның алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, хаттамасын орындау үшін үнемі жолданып отырады.

Оның ішінде, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің мамандарының, орта білім және мектепке дейінгі ұйымдардың, қосымша білім беру мекемелерінің басшыларының сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу мәселесіне қатысты облыстық прокуратура және құзырлы органдар қызметкерінің қатысуымен алқа мәжілістері өткізілген.

Мәжілістерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы іс-шаралар  ұйымдастыру (дөңгелек үстелдер, телеарнаға сұхбат беру, газетке мақалалар жариялау, акциялар, үн парақтар, жадынамалар тарату, семинарлар), адалдықты сақтау қатаң тапсырылған.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмысқа қабылдауға мораторий енгізілгенмен жаңадан ашылған білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау бойынша ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 57 Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының талаптарын қатаң сақтау тапсырылды.

Сонымен қатар, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақталуын қамтамасыз ету тапсырылып, аталған Заңдардың талаптарын орындау олардың лауазымдық міндеттеріне енгізілген.

Басқармаға бағынысты мекемелер мен олардың қызметкерлерінің қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бірінші басшысын қызметінен босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілік мәселесі қарастырылатындығы ескертілді.

 

Дата публикации
18 июля 2025