Орта білім беру бойынша 2025 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар ақпараты

2025 жылға білім саласына бөлінген қаржы 308,1 млрд. теңгені құрап өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артты.

Аймақта үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ.

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Оның ішінде 3000 орындық 6 мектеп пайдалануға берілсе, 3900 орындық 4 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында құны - 2,5 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы және облыстық бюджеттен қаралған 800 млн. теңгеге Жаңақорған ауданынан 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі ел игілігіне табысталды.

8 млрд. 400 млн. теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық облыстық физика-математика бағытындағы «Білім - инновация» лицей-интернаты пайдалануға берілді.

«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд. 800 млн теңгеге жаңа музыкалық колледж құрылысы аяқталды.

Құны 11 млрд теңгені құрайтын «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясының құрылысы аяқталып, мамыр айында пайдалануға берілді.

Шиелі ауданында 1 млрд. теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда.

Бұдан бөлек «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданы Жалаңаш елді мекеніндегі 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеуден өтетін мектептерде материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуде.

Биылғы жылы облыс бойынша 5,2 млрд. теңгеге 9 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 438,8 млн. теңгеге материалдық техникалық базасы жаңартылатын болады.

Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде 2026 жылы 19 мектеп, ал 2027 жылы 23 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады.

Білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар үздіксіз жүргізілуде.

Профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жалғасуда («ІТ-мектеп (Бағдарламалау мектебі)» жобасы; «Жасыл мектеп»; «Химия-биологиялық талдау зертханасы»; «Мектеп обсерваториясы»; «Кәсіпкерлік мектебі»; «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасы; «Ғылыми бағдар беру шеберханасы»; «Балалар кітапханасы»; «Геотехнология»; «ІТ-математика» және т.б. жобалар).

Ағымдағы жылы жаңадан «Тіл білімі мектебі», «Инженерлік мектеп», «Робототехника», «3Д модельдеу», «СТЕМ», «БИО-ГУМ» табиғи тыңайтқыштарды әзірлеу» жобалары жүзеге асырылуда.

Қала мен ауыл мектептері арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту және білім беру ұйымдары арасындағы байланысты арттыру мақсатында аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласында 8 білім округі құрылды.

Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласында орналасқан 5 мектепті дамыту бағытында «Космоград «Байқоңыр» жобасы әзірленуде.

Жоба аясында 5 мектепті интерактивті құралдармен жабдықтау, обсерваториясына қажетті зертханалар ашу, физика пәнін тереңдетіп оқыту бағытындағы жұмыстар жоспарлануда (облыстық бюжеттен – 141,5 млн.теңге).

Аймағымыз пәндік олимпиада қорытындысымен республикада жаратылыстану-математикалық бағытында «Ең үздік командалық ІІ орын», қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ІІІ орынды иеленді.

Қызылорда облысы жаратылыстану-математикалық бағытта І орынды, ал, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.

Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің жеті өңірінде ұйымдастырылып, оған 600-ге жуық мектептің 1670 оқушысы қатысты.

Бұл рейтинг – оқушылардың, оларды дайындаған ұстаздар мен жаттықтырушылардың бірлескен еңбегін бағалау, сондай-ақ олимпиадалық қозғалыстың дамуына серпін беру мақсатында әзірленді.

Оқушы жетістігімен қатар, педагог қызметкерлерімізде республикалық деңгейде биіктерден көрінуде.

2025 жылдың өзінде облыс педагогтері «Математикалық регата» байқауының республикалық кезеңінен – Бас жүлде, «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» сайысынан командалық – ІІІ орын, «Дарынды балаға - талантты ұстаз» байқауынан 5 жеңімпаз және т.б. жүлделі орындар иеленді. 

Педагог мәртебесін жоғарылату және оларды әлеуметтік қолдаумен қатар, тәжірибелі педагогтердің қоғам алдындағы беделін арттыру, тәжірибесін тарату бағытында да жұмыстар жүргізілуде.

Республикалық, облыстық сайыстарда, кәсіби байқауларда жеңімпаз атанған үздік педагогтардың тәжірибесін тарату және аймақтағы басқа мұғалімдердің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары коледжі базасында «Үздік педагогтар клубы» құрылды.

Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсы ұйымдастырылып, қорытындысымен «жеңімпаз» ұйымға облыстық бюджеттен - ең төменгі жалақының сегіз жүз еселенген мөлшерінде грант табыстау дәстүрге айналған (34,0 млн. теңге).

«Үздік 100 мектеп» қатарына ену үшін оқушылардың білім сапасы, сыртқы бағалау қорытындылары, олимпиада мен ғылыми жоба көрсеткіштері, педагогтердің біліктілігі, материалдық-техникалық база, білім алушыларға қауіпсіз орта құру, мектепте қалыптасқан дәстүрлер мен корпоративтік мәдениетті сақтау бойынша 20 бағыттағы жұмыстар сараланды.

Өңірімізде білім беру саласын цифрландыру және интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізу бағытында бірқатар шаралар атқарылуда.

Қазіргі таңда мектептерде 865  жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын кабинет болса (биология – 221, физика – 243, химия – 240, СТЕМ – 32, робототехника - 129), 496 млн 871 мың теңгеге жаңадан 56 пәндік кабинет сатып алынды (физика – 9, химия – 9, биология – 10, СТЕМ - 28).

60 мектеп СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз етілген.

Аймақ басшысының қолдауымен мектептерге 484 интерактивті панель алынып, 14 мектеп ЛЕД-экрандармен жабдықталды.

Бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғылар орнатылды.

Сонымен қатар, 6 Айти-мектеп-лицейге (Қызылорда қаласы  №3, 4, 12, 187, 217, 278) жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін адамтәрізді роботтар алынды.

Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 878,2 млн.тг. қаржы бөлінді.

Жыл соңына дейін барлық 12 шағын жинақты мектеп, 71 мақсатты мектеп қажетті (жетіспейтін) пәндік кабинеттермен толық жабдықталады.

Ал, Байқоңыр қаласындағы 5 мектептегі 20 пәндік кабинет (физика, химия, биология, стем) қайта жаңартылады.

Бүгінгі күні облыстың 35 мектебінде 61 дрон бар.

Биыл 1,1 млрд. теңгеге 156 білім беру ұйымы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілетін болады.

Тең жағдай жасау және кедергісіз қол жеткізу бойынша облыстағы 159 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымының 144-де (90%), 300 мемлекеттік мектептің 290-да (97%), 17 мемлекеттік колледжде 100% инклюзивті білім беруге жағдай жасалған.

Арнайы және инклюзивтік білім беру саласында үздік атану үшін бізге бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу міндеті тұр.

Осыған орай, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта (№5 мектеп-интернат базасында) «Цифрлық түзету» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

«IT арнайы мектеп» бағыты бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 31 млн теңгеге арнайы оқу құралдары, жиһаз, техникалық құралдар алынды.

Барлық сыныптарға интерактивті панельдер 100% орнатылған.

Бүгінгі күні балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды реформалар қабылданды.

Соның бірі білім алушылардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау қызметтерін цифрландыру.

Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасының 82 - тармағы бойынша, балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен қамтылған мектептер үлесі 75% құрауы тиіс.

Өткен жылы осы бағытта облыстық бюджеттен 120 млн.тг. қаржы бөлініп 87 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылса, ағымдағы жылы 40 мектепке АБК орнатылады.

Бұл мақсатқа 449,5 млн.тг. қаржы бөлінді.

 

Дата публикации
16 июля 2025