Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 2024 жылдың қорытындысы туралы

Өңірде балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы мен педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау барысы қарқынды жүзеге асырылуда.

Биыл салаға бөлінген қаржы 264 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 9,3 %-ға артты (2023 жылы - 241,5 млрд тг).

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім,  қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздің кадрлық әлеуетін бірітіндеп арттыру өте маңызды» екендігін айта келе 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атады.

Қазіргі таңда, өңірімізде 28 колледж бар. (17-мемлекеттік, 11-жекеменшік) Оның ішінде  19 колледжде  45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрларды даярлау жүзеге асырып келеді.

Халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындары, ірі кәсіпорындармен екі жақты әріптестік байланыс орнату, жаңа технологияларды пайдалана отырып кадрлар даярлау басты мақсатымыз.

Осы ретте, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педагогика, психология саласы бойынша, Москва Психоанализ университетімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша меморандумға қол қойды.

Ал,  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Американың «Ұлттық құрылыс және білім беруді зерттеу орталығы» ұйымы және Германияның «Аға сарапшылар қызметі» ұйымымен «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнатқан. Бұл жұмыстар басқа да оқу орындары бойынша жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы 9 сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған болатын.

Осыған орай, келесі жылға республикалық бюджеттен 2 200 орын, жергілікті бюджеттен 3 108 орын, барлығы – 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.

Осы ретте, 2025 «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар Атласын әзірлеу жоспарлануда.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжінің атауы Политехникалық жоғары колледжі болып қайта құрылымдалып, үздік техникалық колледж ретінде жұмыс жасайтын болады.

15 мемлекеттік колледж ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелерге шефтік қамқорлыққа беріліп, екі жақты келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды.

Абылай хан атындағы жоғары колледж базасында «Тігін ісі» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жоспарлануда.

Арал индустиалды-техникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылады.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі базасында студенттер үшін «Бизнес-стартап» жобасы жүзеге асырылады.

2025 жылы колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасуы үшін жолдама беріледі.

 

 

Дата публикации
10 января 2025