Қызылорда облысының білім басқармасы және оған қарасты мекемелердің еңбек ақы төлеу қоры мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы бойынша
ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМАСЫ
«14» ақпан 2023 жыл Қызылорда қаласы
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 8 бабының 2 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 04.12.2017 ж. №806 қаулысымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидаларына» сәйкес Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі-Департамент) басшысының және Қызылорда облысының білім басқармасы (бұдан әрі-Білім басқармасы) басшысының бірлескен бұйрығы негізінде Білім басқармасына қарасты мекемелерінің еңбек ақы төлеу қоры мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды.
Топ құрамына: Департаменттің превенция және жедел басқармаларының қызметкерлері, Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері, қаржы, мемлекеттік аудит, білім саласындағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, "Қорқыт ата" университетінің құқықтану кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ қоғам белсенділері енгізілді.
Талдау 2020- 2022 жылдар аралығына жүргізілді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА
2020-2022 жылдар аралығында Департаментпен Білім саласына қатысты 59 қылмыстық іс тергеліп (2020 жылы – 42 қылмыстық іс, 2021 жылы -4 қылмыстық іс, 2022 жылы 13 – қылмыстық іс), сотқа жолданған.
Жалпы аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 1 143 511,18 мың теңге (2020 жылы- 801 998 мың теңге, 2021 жылы – 277 956 мың теңге, 2022 жылы - 63557,8 мың теңге), ал өндірілгені 860 609,0 мың теңгені (2020 жылы- 798 998 мың теңге, 2021 жылы – 54 264,4 мың теңге, 2022 жылы – 7 346,54 мың теңге) құрайды.
Қызылорда облысы бойынша білім беру ұйымдарына 2020 жылы 149,9 млрд.теңге; 2021 жылы 172,3 млрд.теңге; 2022 жылы 207,0 млрд.теңге бөлініп, игерілген. Оның ішінде еңбекақы төлеу қоры 2020 жылы-90,1 млрд.теңге; 2021 жылы-106,9 млрд.теңге; 2022 жылы-138,6 млрд.теңгені құрайды.
1.1. Қаржылық жоспарлаудағы тәуекелдер
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV Бюджеттік кодексінің (бұдан әрі – Бюджеттік кодекс) 67-бабына сәйкес мемлекеттік мекемелер кезекті жоспарлы кезеңге бюджеттік өтінім әзірлеуге тиіс. Бағдарлама әкімшісіне бюджеттік өтінім беру кезінде мекеме шығыстарының көлемін айкындаған құжаттардың толық пакетімен және шығыстардың түрлері бойынша негізделген есептермен расталуы тиіс.
Өз кезегінде бағдарлама әкімшісі барлық бағдарламалар бойынша ведомстволық бағыныстағы мекемелердің толық жазылуымен жиынтық бюджеттік өтінімді барлық негіздемелік есептермен және құжаттардың толық пакетін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға береді.
Дегенмен, талдау барысында облыстағы бірқатар білім беру мекемелерінде бюджеттік қаржыны жоспарлауда, Бюджеттік кодекстің талаптарын орындамау салдарынан (бюджеттік өтінімдерді тапсырмау, штаттық кестеге сәйкес толтырмау) сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындап қаржылық бұзушылықтар анықталуда.
Мысалы, Жаңақорған ауданында орналасқан №51 мектептің 2020-2022 жылдарға арналған қаржыландыру жоспарын қалыптастыруды зерделеу кезінде төмендегілер анықталды.
№ 51 мектептің жауапты тұлғалары, бюджеттік кодекс талаптарын сақтамай бюджеттік өтінімді қалыптастырмаған және бағдарлама әкімшісіне өткізбеген.
Өз кезегінде, Бағдарлама әкімшісі аудандық білім бөлімі (бұдан әрі – бөлім) ведомстволық бағыныстағы мекемелер (мектептер) бюджеттік өтінімдерді ұсынбаса да, сонымен қатар мекеме қызметкерлерінің тарифтік тізімін ескерместен мектептерге бөлінетін қаражатты ерікті түрде жоспарлаған және бекіткен. Ақпарат №1 кестеде толығымен көрсетілген.
Анықтама: Мектептерде еңбекақы төлеу қорын анықтау үшін мұғалімдер мен мектептің басқа қызметкерлерінің тарифтік тізімі айқындалып әрі қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысын «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» (бұдан әрі- №1193 қаулысы) басшылыққа алынып есептеледі.
Бағдарлама әкімшісі тарифтік тізімдегі бекітілген еңбекақы төлеу қорын жоспарлау кезінде негізге алуы керек.
№1 Кесте
№51 мектептің 2020-2022 жылдар аралығында артық жоспарланған қаржысы
|
Қаржыландыру жылы (тарифтік тізімі бойынша еңбекақы төлеу қоры)
|
Жоспарланған қаржы (мың теңге) |
Қосымша жоспарланған қаржы +/- (мың теңге) |
Бекітілген тарифтік тізім бойынша жоспарлануы тиіс қаржы (мың теңге) |
Айырмасы +/- (мың теңге) |
|
2020 жыл (159,31 бірлікке) |
435 994,5 |
60 985,5 |
441 923,7 |
55 056,3 |
|
2021 жыл (166,25 бірлікке) |
643 209,9 |
-37 766,4 |
553 709,8
|
51 733,7 |
|
2022 жылдың 6 айы |
462 021,0 |
-8 000,0 |
446 030,0 |
7 991,0 |
|
Барлығы |
1105231 |
23219,1 |
995633,5 |
114781 |
Сонымен қатар, 2020-2022 жылдар ішінде № 51 мектептің жеке қаржыландыру жоспарларына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығының (Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы) талаптарын бұза отырып, тиісті есептер мен негіздемелерсіз өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Анықтама: ҚР ҚМ 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген қағидалардың 4-параграфы 29-тармағының 3-абзацы (...бюджеттік бағдарлама әкімшісі мемлекеттік мекемеден міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын өзгертуге алынған өтінімдер негізінде қоса беріліп отырған есептермен және өзгерістердің негіздемесімен қалыптастырады).
Осы тектес қаржылық бұзушылықтар яғни бюджеттік қаржыны тиімсіз жоспарлау фактілері Білім басқармасына қарасты бірқатар білім беру мекемелерінде орын алған.
Осылайша, Бағдарлама әкімшісі тарапынан жылдық қаржылық жоспарлауға талдау жұмыстарын уақтылы жүргізілмегендіктен және Бюджеттік кодекстің талаптарын орындамау салдарынан (дәлелді құжаттарды толығымен тапсырылмаған) бюджет қаражаты артық жоспарланып сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауда.
Аталған тәуекелдің себептерінің бірі қаржылық операциялардың автоматтандырылмағандығы болып табылады, яғни бюджеттік өтінімдер қолма қол қағаз жүзінде жүргізіледі.
Ұсыныс: Білім басқармасы:
1) Білім беру мекемелерінде еңбек ақыны жоспарлаудағы қателерді ақпараттық жүйе арқылы дер кезінде анықтау мақсатында бюджеттік өтінімдерді, оның ішінде тарификациялық тізілімдерді өткізу, қабылдау және бекіту жұмыстарын, қолданыста бар ақпараттық жүйелер арқылы («е-МинФин» интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйе) толық автоматтандыру шараларын қабылдау;
2) қалалық және аудандық білім беру ұйымдарының жылдық қаржылық жоспарларына уақтылы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қадағалауды күшейту алгоритмін әзірлеу.
1.2. Еңбек ақы төлеу жүйесіндегі тәуекелдер
2020-2022 жылдары аралығында бюджет қаражаты есебінен білім беру мекеме қызметкерлеріне есептелініп төленген еңбекақы, сыйақының негізділігіне туралы зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Білім басқармасына қарасты қалалық және аудандық білім беру мекемелері 2020-2022 жылдар аралығындағы штаттық кестелері №1193 қаулысына және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен бекітілген.
Басқарманың еңбекақылары, үстемақылары мен өтемақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1464 қаулысына «Мемлекеттік бюджет есебінен еңбек ақы, зейнет ақы, стипендия, жәрдем ақы және басқа да ақшалай төлемдерінің төлену тәртібін жетілдіру шаралары туралы» сәйкес екінші деңгейлі банкінен ашылған («Қазақстан Халық Банкі» АҚ) есеп шоттары арқылы жүзеге асырылып, осы карт шоттарға аудару арқылы төленіп отырған.
Анықтама: «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес (Тұлға әртүрлі ақпараттық жүйелерге арналған электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттеріне ие бола алады. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін басқа тұлғаларға беруге болмайды) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттері оларды заңды негіздерде иеленетін тұлғалардың меншігі болып табылады.
Департамент тарапынан тағайындалған аудиторлық тексеріс барысында талдау объектілерінде Бюджет кодексінің 97-бабы 6-тармағының (мемлекеттік мекеме: төлеуге берілетін шотты табыс етудің заңдылығын және негізділігін және төлеуге берілетін шоттың көрсетілген деректемелерінің дұрыстығын қамтамасыз етеді), Еңбек кодексінің 103-бабының 1-тармағының және № 1193 Қаулысымен бекітілген жүйенің 1-тармағының 2) тармақшасының талаптары сақталмай, жалақы, кезекті еңбек демалысы ақысы мен оған тиесілі компенсациялық төлемдерді қоса есептегенде мектеп қызметкерлеріне екінші деңгейлі банктен ашылған жеке карт-шоттарына (№2 кестеде толық көрсетілген) негізсіз артық төленгендігі анықталды.
Атап айтқанда, мектеп есепшілерімен Қазынашылық базасынан алынған №5-15А нысанына сәйкес, мектеп қызметкерлерінің аты көрсетіліп, бірақ басқа ЖСН және басқа карт-шоттарына қаражаттар негізсіз аударылып, артық төлемдер жасалған
Нақтылағанда, мектеп есепшілері ақпараттық жүйенің кемшіліктерін пайдаланып, «1С» бағдарламасынан көшіріліп алынған «SWIFT» файлындағы мектеп қызметкерлерінің ЖСН және банктік карт-шоттарын өзгертіп, өздеріне керекті, үшінші тұлғаларға "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі арқылы аударып алып отырған. (№1 Сызба).
Яғни, аталған фактілердің орын алу себептерінің бірі, қолданыстағы ақпараттық жүйелердің кемшілігі, оның ішінде жүйедегі мәліметтерге қолма қол өзгеріс енгізу мүмкіндігі болып табылады.
№1 СЫЗБА
Бюджеттік қаражаттын жымқырудағы мектеп есепшілерінін әрекеті
|
Мектеп бас есепшісі |
|
«1 С» бағдарламасы Мектеп қызметкерлерінің тізімін енгізіп, тиісті жалақы аударуға арналған бағдарлама
|
|
Мектеп қызметкерлеріне еңбек ақы аудару үшін бағдарламадағы «Сформировать Swift файл» тетігін басып, жұмыс үстеліне көшіріліп алынады.
|
|
Көшірілген файлдың ішіндегі мәліметтерді, (яғни Қызметкердің ЖСН, Банктік есеп шотын және аударылатын сомаларды) «Блокнот» бағдарламасы арқылы өзгертілген.
|
|
Өзгертілген «Swift файлды» «Қазынашылық клиент» бағдарламасына жүктеу арқылы «өзіне керекті тұлғаларға» еңбек ақы ретінде қаражат жіберген. |
Бұл ретте, қазіргі уақытта, Департаментпен облыстық білім беру ұйымдарының жауапты тұлғаларына қатысты 12 қылмыстық іс тергеліп жатқанын атап өту қажет. Еңбекақы бойынша қаржылық бұзушылық сомасы 550 204,9 мың теңге, оның ішінде аудит барысында өтелгені (Мемлекетке қайтарылғаны) 91 486,2 мың теңгені құрайды (2 Кесте).
№2 КЕСТЕ
Жаңақорған аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептердің еңбек ақы бойынша қаржылық бұзушылық сомалары туралы кесте
|
Р/С |
Мектеп атауы |
Еңбекақылар бойынша қаржылық бұзушылықтар сомасы |
ЖСН бойынша адам саны және аударылған ақша көлемі |
Артық есептелген адам саны және аударылған ақша көлемі |
Бас есепшінің өзіне және оның туыстарына аударылған ақша көлемі |
Аудит бойынша өтелген ақша көлемі (мемлекетке қайтарылған ақша) |
|
1 |
№51 мектеп
|
117 222 921 тг |
39 адам - 107 528 184 тг |
13 адам - 9 803 065 тг |
5 адам – 9 218 460 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
- |
|
2 |
№169 мектеп
|
110 796 004 тг |
29 адам - 79 225 629 тг |
22 адам - 31 570 375 тг |
5 адам – 9 911 677 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
- |
|
3 |
№195 мектеп
|
72 603 530 тг |
- |
28 адам - 72 603 530 тг |
- |
835 100 тг |
|
4 |
№213 мектеп
|
60 054 526 тг |
- |
12 адам - 60 054 526 тг |
- |
1 319 100 тг |
|
5 |
№224 мектеп
|
43 422 352 тг |
10 адам - 22 619 800 тг |
23 адам - 20 802 552 тг |
1 баласы – 3 139 891 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
- |
|
6 |
№164 мектеп
|
13 706 653 тг |
3 адам – 2 791 190 тг |
4 адам – 10 915 463 тг |
2 баласы – 1 631 308 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
13 706 653 тг |
|
7 |
№194 мектеп
|
18 247 175 тг |
15 адам – 10 718 699 тг |
11 адам – 7 528 476 тг |
2 баласы – 2 820 905 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
18 247 175 тг |
|
8 |
№167 мектеп
|
16 957 700 тг |
- |
28 адам – 16 957 700 тг |
- |
15 395 000 тг |
|
9 |
№162 мектеп
|
29 380 686 тг |
25 адам - 29 380 686 тг |
- |
К.Аязбаева – 504 007 тг (ЖСН бойынша аударылған) |
- |
|
10 |
№56 мектеп
|
3 086 597 тг |
16 адам - 2 876 532 |
5 адам - 210 425 |
- |
2 802 063 тг |
|
11 |
№125 мектеп
|
10 920 700 тг |
27 адам – 10 617 695 тг
|
3 адам - 303 005 тг |
- |
10 254 200 тг |
|
12 |
№110 мектеп
|
53 806 109 тг |
31 адам - 15 510 876 тг |
42 адам - 38 262 508 тг
|
- |
3 926 905 тг |
|
|
Жауап алынған тұлғалар саны |
|
195/89 |
191/113 |
5/5 |
|
|
|
БАРЛЫҒЫ |
550 204 953 тг |
- |
- |
27 226 248 тг |
91 486 196 тг |
Сонымен бірге, осыған ұқсас деректер Арал аудандық білім бөліміне қарасты «Арал аудандық жалпы білім беретін кешкі мектеп» КММ-нің (бұдан әрі-Кешкі мектеп) және Қызылорда қаласының білім бөліміне қарасты «Б.Шалғынбаев атындағы №217 ақпараттық технология мектеп-лицейі КММ-де (бұдан әрі - ІТ-Мектеп-лицей)» орын алған.
Талдау барысында, 2020 жылдың қаңтар айынан 2022 жылдың тамыз айы аралығында Кешкі мектептің бас есепшісі өзіне тиесілі есептелініп төленуге жататын еңбекақы қаржысынан бөлек 5 686 675 теңге (№1-кесте, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 1 013 098 теңге, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 2 714 009 теңге, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 1 959 568 теңге) көлемінде негізсіз артық аударып алып отырған.
2020-2022 жылдар аралығында ІТ-Мектеп-лицейінің бас есепшісі мен есепші өздеріне тиесілі есептелініп төленуге жататын еңбекақы қаржысынан бөлек 22 661 221 теңге (№2-кесте, А.Рахметоваға 2020 жылы 4 744 294 теңге, 2021 жылы 4 761 302 теңге, 2022 жылы 4 045 763 теңге, Ж.Калкабаеваға 2020 жылы 2 626 247 теңге, 2021 жылы 3 078 538 теңге, 2022 жылы 3 405 077 теңге) көлемінде негізсіз артық аударған.
Аталған бюджеттік қаражатты негізсіз артық алып отыру фактілері Департаменттің ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп (АЕК 234300130000059- Кешкі мектеп; АЕК -234300130000068- Мектеп-лицейі), Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне тиісті аудиторлық тексеру жүргізу үшін жолданды.
Сонымен бірге, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының актісіне сәйкес «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №266 мектеп-лицейі" КММ-нің бас есепшісі және дене шынықтыру мұғаліміне еңбекақы бойынша 8 071,0 мың теңге көлемінде негізсіз артық аударып алып отырғаны анықталды.
Бұл факт бойынша ақпарат Департаменттің тергеу басқармасына жолданып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған фактілер облыстық барлық білім беру ұйымдарында да осы тектес заңбұзушылықтардың орын алу мүмкіндігін жоққа шығармайды және оған бірден-бір себеп-білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзіреттілігінің кең болуы, басқа жоғары тұрған орган немесе консультативті кеңесші ұйымдар тарапынан бақылаудың, есептің болмауы негіз болып табылады.
Қазіргі уақытта, Білім беру ұйымдарында қызметкерлерге артық қаражат аударып, сол қаражатты білім беру ұйымы басшысының қызметкерлерден жинап алып, иелену әрекеттерін де жиі жасалатын құқық бұзушылықтардың бірі ретінде атауға болады.
Бұл келеңсіз жағдайлардың орын алу себептерінің бірі мектептің қаржы шаруашылық жұмысына жауапты тұлғалардың төмен жалақы алуы болуы мүмкін.
Мәселен, білім бөлімдерінің және мектептердің бас есепшілері (есепшілері) – статист маман ретінде орташа айына 100 – 130 мың теңге аралығында еңбек ақы алады.
Яғни, төмен жалақы ала отырып, бюджеттің қыруар қаражатының жұмсалуына жауапты.
Аталған еңбек ақыға білікті есепші маманды ұстау өте қиын. Сол себепті біліктілігі жоғары есепшілердің жұмыста тұрақтамауы және жұмысқа біліктілігі төмен есепшілердің келуіне жол ашады.
Ұсыныс:
1) білім бөлімдері мен мектептердің бас есепшілері (есепшілері) қызметіне білікті мамандардың келуі және осы білікті мамандардың жұмыста тұрақтап қалуы, өз қызметіне жауапкершілікпен қарауын ынталандыру мақсатында аталған тұлғалардың еңбек ақыларын көтеру шараларын қабылдау;
2) мектеп директорларының (қаржы-шаруашылық қызметі саласында біліктілігін арттыру) лауазымының біліктілік талаптарына қаржылық құжаттар, оның ішінде банктерге ұсынылатын құжаттарға қатысты сауаттылығы болу талабын қосу;
3) еңбек ақы төлеу қорын жоспарлау толық автоматтандырылғанға дейін Білім басқармасы тарапынан ведомстволық бақылауды күшейтіп, осы салада келеңсіз жағдайларды болдырмау бағытындағы шараларды қабылдау;
4) «1С-Бухгалтерия» бағдарламасы мен "Қазынашылық-Клиент" бағдарламасын арасын байланыстыру (интеграциялау), сонымен қатар еңбекақы төлеу жөнінде қаржылық мәлімдемелерді «1С-Бухгалтерия» бағдарламасынан "Қазынашылық-Клиент" бағдарламасына автоматты түрде бірден жіберу қосымшасын орнату бойынша шаралар қабылдау;
5) білім беру мекемелерінде еңбекақыны басқа үшінші тұлғағаларға аударуды болдырмау мақсатында «1С-Бухгалтерия» бағдарламасын «enbek.kz» бағдарламасымен байланыстыру (интеграциялау) бойынша шаралар қабылдау;
6) білім беру ұйымдарында бюджет қаржысын негізсіз жұмсалуын алдын алу мақсатында Білім басқармасы жанында ішкі аудит қызметін ашып, арнайы аудитор мамандармен жасактауды ұйымдастыру шараларын қабылдау.
1.3. Балабақшаларды қаржыландырудағы тәуекелдер
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын есепке алғандағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына (бұдан әрі - №597 Бұйрық) сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды есептеу алгоритмі бекітіледі делінген.
Республика бойынша нормативтік қаржыландыруды есептеу алгоритмі 4 топқа бөлінген (1 топ- Алматы, Атырау, БҚО, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалалары; 2 топ-Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары және Астана қаласы; 3 топ- СҚО; 4 топ-Қызылорда облысы.).
Нормативтік қаржыландыруды есептеу алгоритміне сәйкес Қызылорда облысына мектепке дейінгі топтардағы тәрбиеленушілер үшін 9 сағат бойынша 47 413 теңге (51 103 ауылдық округтерге) және 10,5 сағат бойынша 51 597 теңге (55 748 ауылдық округтерге) болып бекітілген.
Осыған байланысты, сыртқы талдау барысында Қызылорда қаласының білім бөліміне қарасты 206 жеке балабақшалардың ережелеріне талдау жұмыстары жүргізілді.
Талдау барысында 86 жеке балабақшаның ережесінде жұмыс уақыты 8-00 ден 18-30 дейін, яғни 10,5 сағат көрсетілгенімен Қалалық білім бөлімімен аталған балабақшаларға 9 сағаттық нормативтен төленгендігі анықталды.
Облыстық білім бөлімдері тарапынан жеке балабақшаларға тиісті қаражаттар нормативтік қаржыландыруды есептеу алгоритміне сәйкес төленбеуінде таңдамалық тәсіл қолдану, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі байқалады.
Ұсыныс: Қала және аудандық білім бөлімдері, жеке балабақшалардың ережелерінде көрсетілген аптасына күндік жұмыс кестесіне сәйкес қаржыландыру.
ІІ. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮРГІЗУ ҚЫЗМЕТІ БОЙЫНША
2.1. «Бұлтты бухгалтерия» қызметін мемлекеттік сатып алу барысындағы тәуекелдер
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 941 қаулысымен «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» (Бұдан әрі –Тұжырымдама) бекітілген.
Анықтама: 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап басқару жүйесінің жаңа әкімшілік және қаржыландыру вертикалі құрылды, оның жанында аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері облыстардың білім басқармаларына есеп береді және олардың бақылауында болады. Нәтижесінде әрбір ауданның қажеттіліктері бойынша қаржы қаражатын біркелкі бөлу, мемлекеттік саясатты іске асыру тәсілдерінің бірыңғай пайымы, тауарлар мен қызметтерді сатып алуды орталықтандыру, бұлтты бухгалтерияны енгізу және қаржылық бұзушылықтарды азайту, проблемалық мәселелерді оңтайлы шешу, білім беру ұйымдары арасында негізгі құралдарды беру мерзімдерін қысқарту қамтамасыз етіледі.
2021 жылдан бастап білім беру ұйымдарында білім беру саласын қаржыландырудың ашықтығын, айқындығын және тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында «бұлтты бухгалтерияны» енгізу басталған.
«Бұлтты бухгалтерияға» көшудің негізгі мақсаты бухгалтерияны, есепке алуды, кадр жұмысын және шығыстарды жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және шығыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін және министрліктен, басқа да мемлекеттік органдардан бастап, ең бастысы, еліміздің азаматтары ақпаратқа қол жеткізе алатындығы болып табылады .
Білім басқармасы және оған қарасты мекемелер 2021 жылдан бастап «бұлтты бухгалтерияға» көшірілген және «Қазына»: Бюджетті жоспарлау мен атқаруды бақылау бойынша жұмыс автоматтандыру 3.0» бағдарламасын (бұдан әрі- Қазына бағдарламасы) сатып алу бойынша «өнім беруші «JSOFT» ЖШС-мен шарт жасалынған.
Шарт «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі-Заң) 39 бабы 3-тармағының 3-тармақшасына сәйкес тікелей бір дереккөздерден мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілген.
Бұл ретте, мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасына сәйкес Білім басқармасы толығымен Қазына бағдарламасының талаптарын көрсету арқылы «JSOFT» ЖШС-не қатысты артықшылық жағдайлар жасап, оның бәсекелестеріне қатысты қолайсыз, кемсітушілік жағдайлар жасап сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруда.
Мемлекеттік сатып алуда біліктілік талаптарын қою қажеттілігі болғандықтан аталған сатып алу конкурс тәсілімен жүргізілуі тиіс.
Алайда, Облыстық білім беру ұйымдары Заңның 4-бабы, 9-бабы 3) тармағының және 41 бабы 2 тармағының талаптарын сақтамай, өнім берушіні таңдаудың негіздемелері, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағалары және өзге де талаптарын тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен негізсіз жүзеге асырылғандығы байқалады.
Атап айтқанда, Білім басқармасы және оған қарасты барлық мекемелер Заң талаптарына қайшы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен «JSOFT» ЖШС-мен 2021 жылы жалпы сомасы – 334 085,6 мың.теңгені (340 негізгі шарт - 122 418,9 мың.теңге, 180 қосымша шарт - 211 666,7 мың.теңге), 2022 жылы – 557 900,0 мың.теңгені (495 негізгі шарт - 493 960,0 мың.теңге, 60 қосымша шарт - 63 940,0 мың.теңге) құрайтын келісім шарттар жасаған.
Бұл ретте, Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тарапынан жүргізілген аудиторлық акітісінде облыс аумағында аталған қызметтің бұл түрін «1С Қазақстан» компаниясының барлық серіктес компаниялары қамтамасыз ететіндігі, және бір айға орналастыру арқылы «бұлтты деректерді» беру қызметімен қызметтердің орташа құны 12000 теңгені құрайтынын көрсетілген.
Яғни, Білім басқармасының Жалағаш аудандық білім бөлімі «1С Бухгалтерия» бағдарламасын «бұлтты бухгалтерияға» тиімді көшірген жағдайда 3456,0 мың теңге шығын көлемін жоспарлау орнына 8640,0 мың теңге жоспарланып, айырмасы 5184,0 мың теңге күмән тудырады.
Осылайша, Білім басқармасы және оған қарасты мекемелер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында Заңның 4 бабы 1),2),3) тармақтарында көрсетілген төмендегі талаптар басшылыққа алынбаған:
1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;
2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік, сатып алуға қатысушылар арасында сөз байласуға жол бермеу.
Нәтижесінде, Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде көп жағдайларда сатып алу конкурстарын бір көзден өткізу арқылы таныс кәсіпкерлерге ұтып беруі немесе тауарлар мен қызметтердің бағасын жасанды өсіру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Бұл ретте, білім беру ұйымдарымен мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізуге хабарлама жариялау кезінде тауарлар мен қызметтерге нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары бағалар белгіленеді.
Ұсыныс: Білім басқармасы және оған қарасты мекемелерге:
1) Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актілдерді не шешімдерді қабылдаудан көрінетін бәсекелестікке қарсы әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) тоқтату және одан әрі жол бермеу;
2) Бюджетті жоспарлау және атқаруды бақылау бойынша жұмыс орнын автоматтандыру» мемлекеттік сатып алуларын бір көзден алу тәсілімен жүргізуді тоқтатып, мұндай сатып алулар ашық конкурс тәсілімен өткізуді қамтамасыз ету.
2.2) Мемлекеттік сатып алу жеңімпаздарын анықтау барысындағы тәуекелдер
Талдау барысында ұйымдастырушылар/тапсырыс берушілер тарапынан заңнамаларда көзделген талаптарды сақталмай артық немесе кем шартты жеңілдіктер бергендігі анықталды.
Анықтама: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) бекітілген.
Мысалы, №8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатымен өткізілген электрондық конкурсының (№6675033-1 «Азық-түлiк өнiмдерiн сатып алу» бойынша) құжаттарын зерделеу нәтижесінде, конкурстық комиссия тарапынан әлеуетті өнім беруші «Кызылорда-ЭМС» ЖШС-нің біліктілігі туралы мәліметті қағиданың 6-Қосымшасында көрсетілген талаптарға сәйкес толтырылмай конкурсқа қатысуға негізсіз жіберілгендігі (Қағиданың 72 тармағының талаптары бұзылып, біліктілік туралы мәліметтерді толық ұсынылмаған) анықталды.
Сонымен қатар, Конкурстық комиссия тарапынан Қағиданың 72 тармағының, Қағиданың 8 – Қосымшасы төртінші абзацының талаптары (Конкурс өткізілетін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуетті өнім берушінің тіркелуінің болуы (2 балдан аспайды) сақталмай, әлеуетті өнім берушілер «Алтынбеков» ЖК және «НҰРЫМ» ЖК-мен 6 лот (№48530674-КППТСОПО1, №48556809-КППТСОПО1, №48538163-КППТСОПО1, №48556519-КППТСОПО1, №48542212-КППТСОПО1, №48542126-КППТСОПО1) бойынша негізсіз жеңімпаз деп танылып мемлекеттік сатып алу шарты жасалынған.
Жоғарыда аталған заңбұзушылықтардың орын алу себептерінің бірі–білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің мемлекеттік сатып алу бағытындағы біліктіліктерінің төмендегімен немесе тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алу мүмкіндігімен байланыстыруға болады.
Осы тектес заң бұзушылықтар, Білім басқармасына қарасты бірқатар білім беру ұйымдарында, мемлекеттік сатып алу жеңімпаздарын анықтау барысында орын алған.
Ұсыныс: Білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдары конкурсқа қатысуға екі немесе одан көп өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамадағы өлшемшарттарға сәйкес балл қоюды автоматты түрде есепке алу мақсатында «мемлекеттік сатып алу веб-порталында» көрсетілген тарих (электронды қызметті қабылдау актісі, салық төлеу анықтамасы және т.б) негізінде жеңімпазды автоматты анықтау шараларын қабылдау қажет.
ІІІ. КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР БОЙЫНША:
Жалпы білім саласында - 34 Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бар. Оның ішінде Қызылорда облысының білім басқармасымен тікелей 3 мемлекеттік қызметтер көрсетіледі:
1) «мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға біліктілік санаттарын беру (растау) үшін оларды аттестаттаудан өткізуге құжаттарды қабылдау»; (білім бөлімдеріде көрсетеді)
2) «мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымдарына орналасу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» ;
3) «техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау».
3.1. Білім беру ұйымдарындағы аттестаттауға және біліктілік санатын беру (растау) рәсіміне қатысуға өтініш беру барысындағы тәуекелдер
Білім басқармасы және оған қарасты мекемелердің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалады.
Білім басқармасымен көрсетілетін кейбір мемлекеттік қызметтері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен (Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы) (бұдан әрі- №83 Бұйрық) айқындалған.
Атап айтқанда, Аттестаттауға және біліктілік санатын беру (растау) рәсіміне қатысуға өтініш беруде «Марапаттары, атағы, ғылыми (академиялық) дәрежесі, ғылыми атағы алған (берілген)жылын көрсете отырып____» деген талап көрсетілген.
Ал, марапат алу облыстық қалалық аудандық басқарма, бөлімдер негізінде немесе тағы басқа деңгейде жүргізілуі мүмкін, бұл жерде өтініш беруші педагог «марапаттау» құжатын алу керегі (болу керек) міндеттілігі бекітілген.
Осыған байланысты, өтініш беруші тарапынан марапатты алу үшін жоғары орган, жұмыс берушіге жүгінеді. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі байқалады.
Ұсыныс: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мақсатында №83 Бұйрықтың 15 қосымшасындағы (Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары) «Марапаттары, атағы, ғылыми (академиялық) дәрежесі, ғылыми атағы алған (берілген) жылын көрсете отырып»-деген сөздерден кейін «ол болған жағдайда» деген ескертпе сөздермен толықтыру.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес кез келген заңды тұлғаның басшысы (жұмыскер) кадр саясатын жеке дара жүргізу керегі айқындалған. Яғни жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім шартпен жүргізіледі.
Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы «19» қыркүйектегі №583 қаулысымен бекітілген Қызылорда облысының білім басқармасы жөнінде Ереженің (бұдан әрі- Ереже) 17-тармағы (функциялары) 25) тармақшасында «мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады және жүзеге асырады» деп көрсетілген.
Бұл жерде, Білім басқармасы өзіне бағынысты білім беру ұйымдарына (мектеп басшысына) қызметке маман алу шарасына қатысатыны көрінеді, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі байқалады.
Ұсыныс: Білім басқармасы Ереженің 17-тармағы 25) тармақшасында «мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастырады және жүзеге асырады» деген сөздерді заң талаптарына сәйкестендіру немесе алып тастау.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша
ҰСЫНЫМДАР ТІЗБЕСІ
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті