Облыста 187 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Оның ішінде күріш көлемі - 83,9 мың гектар. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының 1-ші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының 3-ші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар - жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда.
Тұқым дайындауда ешқандай мәселе жоқ, 100 пайыз қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыштарға қатысты қосымша қаржыландыруды күтпей, жыл басында тыңайтқыш жеткізушілер және өндірушілермен жасалған келісімдер нәтижесінде бүгінгі күнге 52,8 мың тонна тыңайтқыш шаруашылықтарға жеткізілді. Бұл - қажеттіліктің 83 пайызы. Қаржысы шаруашылықтар және инвесторлар есебінен шешілді.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы көлемі 26,7 млрд. теңгені құрайды. Оның 87,1 пайызы немесе 23,3 млрд. теңгесі қаржыландырылды. Каналдардың 134 шақырымы тазаланып, гидротехникалық құрылыстардың 75-і жөндеуден өтті. Ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделіп, егін егу науқанына қатысуда.
Шаруашылықтардың қажеттілігіне сәйкес облысқа бөлінген 12,9 мың тонна арзандатылған дизельдің 40 пайызы жеткізіліп, 1 литрі 250 теңгеден босатылуда.