
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Мергенсай ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары аясында Жалаңаш ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендегі өзекті мәселелер мен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, Мергенсай ауылдық округінде де бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, жыл басында ауыл тұрғындарының көптен күткен мәселелерінің бірі шешімін тауып, ауылдық округ орталығында 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудан орталығымен байланыстыратын маңызды автомобиль жолының алғашқы бөлігін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, Тастүбек ауылына ауыз су желісі тартылып, елді мекендегі жарықтандыру мен ұялы байланыс мәселелері бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды.
Кездесуде тұрғындар жол жөндеу, ауылға газ тарту және электр желілерін жаңғырту мәселелерін көтеріп, оларды шешуге қолдау көрсетуді сұрады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы әрбір ұсынысқа назар аударып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсініктеме берді. Сондай-ақ мәселелерді шешу мүмкіндіктері қарастырылып, тиісті жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.
Кездесуден кейін аудан басшысы жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғынның өтінішін тыңдап, оны шешу жолдарын қарастыру жөнінде жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округіне барып, елді мекенде жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың барысын көрді.
Алдымен аудан басшысы «Арал–Аэропорт–Жалаңаш» бағытындағы автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аудандық маңызы бар «Арал–Жалаңаш» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 62,6 шақырымды құрайды. Оның 26 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жолдың жартысынан астам бөлігі жөнделіп, қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сапасын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 35 жоба әзірленіп, тиісті салалық басқармалар мен министрліктерге ұсынылған.
Жол жөндеу жұмыстарының барысын бағамдаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мердігер мекеме басшысымен кездесіп, жұмыстың сапалы орындалуы мен белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында аудан әкімі Жалаңаш ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратын бейімдеу жұмыстарын да көрді.
Ауыл әкімі ғимаратты ретке келтіріп, алдағы уақытта Мергенсай ауылдық округі әкімі аппараты мен бірқатар мекемелерді орналастыру жөніндегі жоспарымен бөлісті. Аудан басшысы бұл бастаманы қолдап, ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ғимаратты ұқыпты күтіп ұстау және тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жол сапасын арттыру және қолданыстағы нысандарды тиімді пайдалану – тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған маңызды қадамдар. Аудан әкімі қолға алынған жұмыстарға сәттілік тілеп, жоспарланған жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Кейде адамзаттың үлкен өзгерістері алып мінберлерден айтылған ұрандардан емес, жүрегінде жанашырлық оты маздаған жандардың бір жерге жиналып, ортақ мақсат жолында қол ұстасуынан басталады. Өйткені табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, келер ұрпақ алдындағы қасиетті аманат. Ал сол аманатқа адалдық таныту жүрек таңдауы.
Міне, осындай ізгі мұратты ту еткен «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық еріктілер апталығы қасиетті Сыр өңірінің орталғы Қызылордада бастау алып, Қамбаш көлінің жағасында жалғасын тапты.
Көк аспан мен көгілдір көл тоғысқан Қамбаштың көркем табиғаты аясында әртүрлі елдер мен өңірлерден келген еріктілердің басын қосқан бұл кездесу табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, адамзатқа ортақ жауапкершіліктің және шекараға бағынбайтын достықтың жарқын көрінісіндей-ақ.
Қонақтарды ұлттық нақыштағы әсем әуендермен қарсы алу, дәстүрлі киім киген жандардың ілтипаты, жыршы-жыраулардың жырдан шашуы мен ақжарма көңілден ұсынылған ұлттық дәмдер – қазақы қонақжайлықтың кеңдігін танытып, алғашқы сәттен-ақ ерекше жылылық сыйлады. Салт-дәстүрдің салтанаты мен заманауи экологиялық бастаманың жарасымды үндесуі бұл кездесуге айрықша рең берді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қамбаш жағасы бір ғана өңірдің емес, ортақ болашақтың мінберіне айналды. Аралдың кең құшағында бас қосқан жандарды бір арнаға тоғыстырған мұрат табиғатты аялау, Арал өңірінің экологиялық ахуалына назар аудару және ізгі істер арқылы жасыл болашаққа жол ашу.
GREEN ARAL – табиғатқа жанашырлықтың ғана емес, адамзаттың ортақ тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның да көрінісі. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды. Оның идеясы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 15-бағытымен – құрлық экожүйелерін қорғау, шөлейттенуге қарсы күресу және биоалуантүрлілікті сақтау міндеттерімен сабақтасады. Ал еліміздегі «Таза Қазақстан» бастамасымен үндескен бұл игі жоба қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың ортақ мәдениетін қалыптастыруға үндейді.
Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетовке берілді. Ол өз сөзінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық еріктілер апталығының маңыздылығына тоқталып, игі бастама аясында бас қосқан форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Арал және Қазалы аудандары әкімдерінің орынбасарлары Нұрмұхамет Бохаев пен Жәнібек Әлиев сөз сөйлеп, халықаралық апталықтың өңір үшін маңызын атап өтті, белсенді жастарға ақжарма тілектерін білдірді. . Ерікті жас Фариза Елеусізова жастардың ізгі бастамаларына сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Жалынды жастардың көтеріңкі көңіл-күйімен ұштасқан басқосу мерекелік бағдарламаға ұласып, Қамбаш жағасын ән мен күйге бөлеп, рухани жарасымның әдемі үлгісін көрсетті.
Қамбаш жағасында тұтанған осы жасыл үміт әр қатысушының жүрегінде жалғасып, игі істерге ұлассын!
Қаладағы руханият орталығында аудан әкімінің орынбасары Шерхан Есжановтың қатысуымен бизнес өкілдерімен кездесу өтті.
Басқосуға облыстық басқармалар мен қаржы ұйымдарының, кәсіпкерлікті қолдау мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген несие алу, қаржыландыру және лизинг мүмкіндіктері бойынша арнайы келген мамандар тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жеке қабылдау форматында өткен жиында аудан кәсіпкерлері мен кәсібін жаңадан бастауды жоспарлаған азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Арал ауданында жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 105 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджет қаражатының игерілуі және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.
Мәжілісте ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасқаны атап өтіліп, жыл соңына дейін оң динамиканы сақтау қажеттігі айтылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуын жандандыру жайы жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар бюджет қаражатын толық әрі сапалы игеру, инфрақұрылымдық жобаларды мерзімінде аяқтау, елді мекендердің электр желілерін жаңғырту, газдандыру, автомобиль жолдарын салу және әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландыру бағытындағы жұмыстарды күшейту мәселелері талқыланды.
Жиында әлеуметтік нысандарды қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету, көмір қорын жасақтау, жылыту жүйелерінің дайындығы және бірқатар нысандарды газға қосу мәселелері қаралды.
Бұл мәселелер бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері С.Артықбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Молжігітов және аудандық аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Зияғаладин алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы хабарлама жасады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшыларына жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар алдағы саяси маңызды оқиғалар мен ауқымды шараларды өз деңгейінде өткізуге байланысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысында аудан аумағындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылықтардың, нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату тәртібін сақтау және оның заңсыз айналымына жол бермеу мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Құдайберген «Арал ауданының полиция бөлімімен қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың және нашақорлыққа қарсы күрестің алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы» баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша Арал ауданы бойынша кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров «Алкоголь өнімдерін сату тәртібін сақтау және заңсыз айналымының алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы» баяндады.
Отырыс барысында аудан басшысы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға жол бермеу, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың түнгі тыныштығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар, бейнебақылау камераларының жұмысын қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу, қаңғыбас және қараусыз жануарларды аулау бойынша жұмыстарды жүйелеу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Алкоголь өнімдерін заңсыз және белгіленген уақыттан тыс сатудың алдын алу мақсатында сауда нысандарына мониторинг және рейдтік іс-шараларды күшейту, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Комиссия отырысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында аудандағы діни және қоғамдық ахуалдың қазіргі жағдайы, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Комиссия отырысында ұлттық, саяси және діни экстремизмнің алдын алу, деструктивті діни ағым өкілдерімен жүргізіліп жатқан профилактикалық және оңалту шараларының тиімділігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың қорғалу деңгейін арттыру мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшыларына терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, тұрғындар арасында түсіндіру іс-шараларын жүйелі түрде жүргізуді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.
Бүгін аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы жүйелі іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қаржылық тәртіпті күшейту, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету және «Заң мен Тәртіп» қағидатын қатаң сақтау жөніндегі тапсырмаларына тоқталды.
Комиссия отырысының күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
«Қаржылық бақылау шарасы ретінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен басқа да жеке және заңды тұлғалардың активтері мен міндеттемелері жөніндегі декларацияны тапсыру барысы туралы» тақырыбында Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров баяндама жасады.
«Арал ауданының бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы туралы» тақырыбында аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Әзбергенов хабарлады.
Ал «Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы» тақырыбында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Есеналиев баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерді декларациялау талаптары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, қызметкерлердің жаңа заңнамалық талаптардан хабардар болуын қамтамасыз ету және тиісті оқыту семинарларын ұйымдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын сақтау бағытында есепшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша семинарлар өткізу міндеттелді.
Комиссия отырысында көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда жылу беру маусымына дайындық, цифрландыру, елді мекендерді интернет және ұялы байланыспен қамту, сондай-ақ санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібінде Үкімет отырысында қаралған жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды. Аудан басшысы бұған дейін берілген тапсырмаға сәйкес көмір қорын жасақтау жұмыстарының барысын тыңдап, жылу беру кезеңінде қатты отын, оның ішінде көмірге қатысты мәселе туындамауы қажеттігін атап өтті. Жауапты сала басшысына көмір жеткізу және қажетті қорды толық жасақтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Мәжілісте Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы міндеттер және 2029 жылға дейінгі «Диджитал Қазақстан» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері де қаралды.
Ауданның географиялық ерекшеліктері мен инфрақұрылымдық шектеулеріне байланысты интернет пен ұялы байланыс мәселесі әлі де өзекті екені белгілі. Қазіргі таңда аудан елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық, ADSL және спутниктік интернет технологиялары қолданылуда.
Дегенмен, бірқатар шалғай елді мекендерде интернет жылдамдығының төмендігі мен тұрақсыздығы тұрғындардың онлайн білім алуына, қашықтан жұмыс істеуіне және электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануына кері әсер етуде. Жиында ұялы байланыс мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Арал қаласының №4 мөлтек ауданы, Д. Нұрпейісова, Қазыбек би және М. Әуезов көшелерінде ұялы немесе спутниктік байланыс жабдықтарына арналған антенна-діңгек құрылыстары мен тіреуіштер салынуда. Қазіргі таңда мұнаралардың құрылысы аяқталып, базалық станциялардың жеткізілуі күтілуде. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен және тұрақты ұялы байланыспен қамту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыру тапсырды.
Мәжілісте «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысы да сөз болды. Бұл мәселе бойынша жағдай тұрақты бақылауда болғанмен уақытылы жүргізілген зерделеу жұмыстары Арал қаласының санитарлық тазалығына қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Осыған байланысты қала әкімдігіне анықталған кемшіліктерді 2 күн ішінде толық жою жөнінде тапсырма берілді.
Мәжіліс барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстау салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасарларына міндеттеді.
Руханият орталығында ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және Отан алдындағы азаматтық борыштың маңызын насихаттау мақсатында кездесу өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев жүргізді. Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы И. Төлегенов арнайы қатысып, маңызды мәселелерді ортаға салды.
Кездесу барысында Отан қорғау, әскери қызметтің жауапкершілігі, елге адал қызмет ету, азаматтық парыз және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері кеңінен талқыланды.
Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екені айтылып, елін, жерін қорғаған ерлердің ерлігі мен өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі екені және бүгінгі өскелең ұрпақтың бойында елжандылық, отансүйгіштік, жауапкершілік және азаматтық ұстаным қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.