
БЖЗҚ-ның 5 сұрақ айдары өзекті сұрақтарға жауап береді
1) Сәлеметсіз бе! Мен үш жыл бұрын зейнетақы жинағымды сақтандыру ұйымына аудардым. Айтыңызшы, мен бұл ақшаның бір бөлігін қайтара аламын ба?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның ішінде 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 60-бабына да өзгерістер енгізілді.
Заңның 60-бабының 14-тармағында зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан тұлғалар ол жасалған күннен бастап екі жылдан асқан кезде сақтандыру ұйымына сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару бойынша Шарт талаптарын өзгерту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы екендігі белгіленді. БЖЗҚ-ға қайтарылуға жататын ақша сомасы оған өзгерістер енгізілген күнгі зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сатып алу сомасы мен зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күнгі Заңның 59-бабының 2-тармағында айқындалған төлем мөлшерін негізге ала отырып есептелген сақтандыру сыйлықақысының сомасы арасындағы айырмаға тең.
Басқаша айтқанда, сақтандыру ұйымында зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күні қолданыста болатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен емес айлық сақтандыру төлемінің мөлшерін өмір бойы қамтамасыз ететін сома қалуға тиіс.
Осы тармақтың күші Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға да қолданылатынын атап өтеміз.
БЖЗҚ-ға ақшаны қайтаруды жүзеге асыру үшін салымшы (алушы) салымшымен (алушымен) зейнетақы аннуитеті шарты жасалған сақтандыру ұйымына сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және БЖЗҚ-ға ақшаны қайтару бөлігінде Шарт талаптарын өзгерту туралы өтінішпен жүгінуі тиіс.
2) Қайырлы күн, мен қазір зейнеткермін және зейнетақы жинақтарым жеткіліктілік шегінен жоғары, сондықтан емделу үшін зейнетақы жинақтарымның бір бөлігін ала аламын ба?
Заңның (Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы) 30-бабының 1-тармағына сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері түрінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Заңның 31-бабының 1-1-тармағында, 32-бабының 1-1-тармағында көрсетілген адамдарға тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде беріледі.
Осылайша, Заңның 31-бабының 1-1-тармағында және 32-бабының 1-1-тармағында МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен біржолғы зейнетақы төлемдеріне, оның ішінде өзіне немесе жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдардың төменде көрсетілген талаптардың бірі болған кезде құқығы көзделген, олар:
егер салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) бар МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегінен асып кетсе;
егер зейнетақы мөлшері, ал отставкадағы судьялар үшін ай сайынғы қамту сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін алушының орташа айлық табысының 40 пайыздан төмен емес деңгейде алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе;
егер салымшы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса.
Бұл ретте емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібін реттейтін қағидаларда біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтер тізбесі де берілгенін атап өткен жөн. Ол мыналарды қамтиды:
- орфандық ауруларды емдеу;
- стоматологиялық қызметтер;
- түзету және қалпына келтіру операциялары (пластикалық);
- радионуклидті емдеу және радиойодты терапия;
- радиохирургиялық емдеу;
- протондық терапия;
- офтальмологиялық қызметтер.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, егер Сіз жоғарыда аталған санаттардың біріне жатсаңыз, онда біржолғы зейнетақы төлемдеріне құқығыңыз бар.
Алуға болатын зейнетақы жинақтарының сомасы туралы мәліметтерді Сіз ЖЗШ-дан үзінді көшірмеден көре аласыз. Оны БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетте (алуға болатын сома автоматты түрде көрсетіледі) не электрондық үкіметтің сайтында немесе қосымшасында көруге болады.
3) Қайырлы күн! БЖЗҚ қызметтерін жеке куәліксіз, оның сандық көшірмесімен ала аламын ба?
Иә, бүгінде жеке зейнетақы қызметтерін жеке куәлікті көрсетпей-ақ алуға болады. Ол үшін смартфондағы egovmobile қосымшасында оның сандық (электрондық) нұсқасы болуы жеткілікті.
Мұндай мүмкіндікке тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана және тек БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзі жүгінген кезде ие болады.
4) Қайырлы күн! Менің жұбайым Түркия азаматы, бірақ Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оның БЖЗҚ-да жинақтары бар. Айтыңызшы, ол өзінің жеткіліктілік шегінен асатын ақшасын тіс емдеуге пайдалана ала ма?
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақымен қамсыздандыру құқығын пайдаланады.
ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 1-бабының 14) тармақшасына сәйкес шетелдіктің Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын және оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғанын растайтын құжат шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты (ШТЫ) болып табылады.
Демек, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұру дерегін шетелдіктің тұруға ықтиярхатының бар екендігімен растайтын шетелдіктердің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін (олар болған кезде) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында, сондай-ақ, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болған кезде инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін пайдалануға құқығы бар.
Осылайша, Заңның 31-бабының 1-1-тармағында және 32-бабының 1-1-тармағында МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен біржолғы зейнетақы төлемдеріне, оның ішінде өзіне немесе жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдардың төменде көрсетілген талаптардың бірі болған кезде құқығы көзделген, олар:
егер салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) бар МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегінен асып кетсе;
егер зейнетақы мөлшері, ал отставкадағы судьялар үшін ай сайынғы қамту сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін алушының орташа айлық табысының 40 пайыздан төмен емес деңгейде алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе;
егер салымшы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса.
5) Сәлеметсіз бе! Мен - Ресей азаматымын. Бірақ геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанда тұрып, жұмыс істеймін. Егер мен өз азаматтығымды өзгертпесем, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қалай шешіледі?
ЕАЭО туралы 29.05.2014 жылғы Шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген халықаралық шартқа сәйкес реттеледі. Мұндай халықаралық шарт 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісім (бұдан әрі - Келісім) болып табылады.
Келісімнің негізгі мақсаты - ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен бірдей шарттарда және тәртіппен қалыптастыру. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарының көлемін өз азаматтарына ұқсас шарттарда ұсынуға кепілдік беруге тиіс.
Осылайша, егер Сіз Ресей Федерациясының азаматы ретінде Қазақстан аумағында еңбек қызметін Қазақстанның жұмыс берушісімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде уақытша жүзеге асыратын болсаңыз, онда жұмыс беруші табысыңызды есептеу кезінде зейнетақы жарналарын (МЗЖ/МКЗЖ) ұстап қалып, БЖЗҚ-ға аударуға міндетті. Бұл ретте МЗЖ және МКЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) жұмыс берушіден БЖЗҚ-ға МЗЖ/МКЗЖ-ның бастапқы сомасы түскен кезде автоматты түрде ашылады.
Еңбек шарты немесе жұмыс берушімен азаматтық-құқықтық шарт бұзылған жағдайда, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығыңыз Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2.3-тармақшасында көзделген жағдайлар туындаған кезде ғана пайда болады, атап айтқанда:
1) зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін;
2) егер мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топ мүгедектігі берілген кезде.
Бұл ретте жоғарыда аталған жағдайлар туындаған кезде, Сіз зейнетақы төлемін алу бойынша Келісімді іске асыру үшін Қазақстандағы құзыретті орган болып табылатын БЖЗҚ-ға немесе тұрғылықты мемлекеттің құзыретті органына, мысалы, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсына отырып, Ресей Федерациясының Зейнетақы қорына жүгінуге құқылысыз.
Мен - жеке кәсіпкермін. Өз қызметкерлерім үшін міндетті зейнетақы жарналарын әрдайым аударып отырамын. Енді оны БЖЗҚ сайтының көмегімен жүргізуге болады деп естідім. Бұл рас па?
- Ия, бұл шындық. Жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтындағы «Жеке кабинет» бөлімінде «Заңды тұлға кабинеті» (https://jurcabinet.enpf.kz/auth) жұмыс істейді. Бұл қызметті ЭЦҚ-сы болған жағдайда, Жеке кәсіпкер мәртебесіне ие жеке тұлғалар, сондай-ақ қол қою құқығы бар бірінші басшылар немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы берген заңды тұлғаларға арналған электрондық цифрлық қолтаңбасы болса, қаржылық құжаттарға қол қою құқығы берілген адамдар пайдалана алады.
«Заңды тұлға кабинеті» жұмыс берушілерге БЖЗҚ-ға жарналардың барлық түрлерін: міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша төлем тапсырмаларын қалыптастыруға, редакциялауға және басып шығаруға мүмкіндік береді.
Мұнда БЖЗҚ-ға төлемдерін жіберу қажет қызметкерлердің тізімі берілген, оған түзету (қызметкерлерді тізімнен алып тастау немесе қосу) енгізуге болады. Бұдан басқа, бұл қызмет төлемдер тарихында бұрын қалыптастырылған төлем тапсырмалары бойынша барлық деректерді қарауға мүмкіндік береді.
Өз парақшаңызды сіз компанияңыздың бейіні бойынша ақпаратпен толықтыра аласыз, мысалы, ұйымның мекенжайын, байланыс деректерін (телефон нөмірін) және электрондық пошта мекенжайын қоса аласыз, Е-өтініш порталына өтініш беріп, кері байланыс ала аласыз, сондай-ақ кез келген кезеңде жасалған іс-әрекеттер және енгізілген өзгерістер туралы есепті көре аласыз.
Сондай-ақ, осы қызметтің көмегіне жүгінетін пайдаланушыларда тікелей «Заңды тұлға кабинеті» бетінен нақты сілтеме (реттеуші нормативтік-құқықтық актілерге, жадынамалар мен нұсқаулықтарға, өтініш бланкілеріне сілтемелер) бойынша ақпараттық-анықтамалық базаларына өту мүмкіндігі пайда болды, яғни қажетті ақпаратты іздеу үшін виртуалды кабинеттен шығудың қажеті жоқ.
Мен екінші топтағы мүгедекпін. Мүгедектігім бойынша жәрдемақы аламын. БЖЗҚ-дағы өз жинақтарымнан тағы да төлемдер алғым келеді. Бұл үшін маған не қажет?
Мерзімсіз белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары болған кезде белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар тобына және мүгедектік белгіленген мерзіміне қарамастан, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтардан зейнетақы төлемдерін ала алады.
Зейнетақы жинақтарын төлеуге өтінішті БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзі немесе сенімді тұлға, сондай-ақ пошта арқылы да беруге болады. Зейнетақы жинақтарын алуға өтінішті enpf.kz сайты арқылы онлайн режимінде берген өте ыңғайлы. Ол үшін өзекті электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы қажет, оны да egov.kz порталынан қашықтан алуға болады.
БЖЗҚ алушыда мүгедектіктің бар-жоғын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі-МК) мен БЖЗҚ арасында жасалған келісім шеңберінде веб-сервис арқылы мүгедектерді есепке алу жүйесінің орталықтандырылған деректер банкінен МК арқылы мәліметтер алу жолымен дербес тексереді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-да мерзімсіз уақытқа 1-2 топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін барып қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтықтан, бармай-ақ алу мүмкіндігін тексеру жүзеге асырылады.
Жақын адамымның қайтыс болуына байланысты оның зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан қалай рәсімдеуге болатынын сұрағым келеді?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31, 32, 33-баптарына сәйкес міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
Зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыру өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет болмаған не ол бүкіл мұраның тағдырын айқындай алмаған кезде, сондай-ақ азаматтық заңдарда белгіленген өзге де жағдайларда заң бойынша мұрагерлік орын алады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-бөліміне (Мұрагерлік құқық) сәйкес мұраны алу үшін мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлік беруге уәкілетті лауазымды адамға мұраны қабылдау не мұраға құқық туралы куәлік беру туралы өтініш жазу арқылы қабылдауы тиіс. Мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде мұра қабылдануы мүмкін.
Аталған мәселелер бойынша рәсімді жеңілдету, сондай – ақ БЖЗҚ мен нотариустар арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыру үшін ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата, «ҰАТ» АҚ және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі» мемлекеттік ақпараттық жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалды.
Нотариустар осы Шарт шеңберінде жүзеге асырылған сервис арқылы қайтыс болған адамдардың жеке зейнетақы шоттарындағы (бұдан әрі – ЖЗШ) ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алу үшін БЖЗҚ-ға онлайн режимінде сұраныстар жолдай алады.
Нотариустан қайтыс болған адамның ЖЗШ-сында бар зейнетақы жинақтары түріндегі мұраға құқық туралы куәлікті алғаннан кейін, мұрагер немесе оның сенім білдірілген адамы БЖЗҚ-ға құжаттар топтамасымен бірге жүгінуі қажет. Құжаттардың толық тізімі мына сілтемеде берілген: https://www.enpf.kz/ru/services/recipient/heir.php
Егер мұрагер құжаттар тізбесін толық көлемде берсе, БЖЗҚ құжаттарды қабылдаған немесе олар БЖЗҚ-ға келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлемді жүзеге асырады.
Айта кету керек! Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын төлеу тек:
1. БЖЗҚ-ға ұсынылған құжаттар негізінде;
2. басқа жеке немесе заңды тұлғалар емес, БЖЗҚ;
3. мұрагердің өзінің банк шотына, оның ішінде егер зейнетақы төлемдерін алушы кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз/әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адам болып табылған жағдайда жүзеге асырылады. Зейнетақы жинақтарын басқа тұлғаның, тіпті заңды өкілдің (қорғаншының/қамқоршының) немесе сенім білдірілген адамның банк шотына төлеуге жол берілмейді.
Мұрагер не оның сенім білдірілген адамы мұрагерлік құқығы туралы куәлік негізінде БЖЗҚ-дан қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы QR-коды бар ЖЗШ-дан үзінді көшірме түріндегі ақпаратты алуға құқылы, онда БЖЗҚ-ның уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған ЖЗШ-дан үзінді көшірменің электрондық нұсқасына веб-сілтеме қамтылады. Бұл ретте ЖЗШ-дан берілген үзінді көшірменің түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін веб-сілтеме ЖЗШ-дан үзінді көшірме берілген күннен бастап 1 (бір) ай ішінде қолжетімді.
Қазір бірлескен зейнетақы аннуитеті бар екенін естідім. Күйеуім екеуміз зейнетақы жинақтарымызды біріктіргіміз келеді, өйткені менің қаражатым аннуитетке аудару үшін жеткіліксіз. Бізге оны қалай істеуге болады?
Бірлескен аннуитет - бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар болып табылатын екі сақтанушының (сақтандырылушының) зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін өнім.
Бірлескен аннуитет классикалық зейнетақы аннуитетіне қарағанда зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Бірлескен аннуитеттің мақсаты - зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жақын туыстар, сондай-ақ отбасылық жұптар, егер олардың бірінде зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болып, ал екіншісінде артық қаржы бар болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы осы жұптың екі өкілі де өздеріне өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз етеді.
Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптының екеуі үшін де сақтандыру төлемдері жеке тіркеледі және сақтандыру төлемдерінің дербес кестесі жасалады.
Ерлі-зайыптылар ай сайынғы сақтандыру төлемдерін өмір бойы, оның ішінде неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда да, сақтандыру төлемдерінің кестесінде белгіленген мөлшерде алатын болады, олардың бірлескен мөлшері зейнетақы аннуитеті шартын жасасу күнінде қолданыста болатын ең төмен күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 1,4 еселенген мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
Ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болған жағдайда, екіншісі бірлескен зейнетақы аннуитеті шартына (кемінде 0,7 ЕТК) сәйкес кесте бойынша өзінің дербес сақтандыру төлемдерін алуды жалғастыра береді.
Тұрғылықты жерімнің өзгеруіне байланысты мен өзімнің шотымнан үзінді көшірмені пошта арқылы алуды доғардым, зейнетақы шотымның жай-күйі туралы ақпарат алудың тағы қандай тәсілдері бар?
Үзінді көшірмені пошта конверттері арқылы алу үшін сіз өзіңіздің жаңа мекенжайыңызды БЖЗҚ-ға хабарлауыңыз керек еді, әйтпесе ескі мекенжайға пошта арқылы жіберілген үзінді көшірме Қорға қайтарылады. Бұл жағдайда БЖЗҚ, зейнетақы заңнамасына сәйкес, келесі жылға үзінді көшірмені жібермеуге құқылы. Сіздің жағдайыңызда, шамасы, осылай болған болуы керек, бірақ үмітіңізді үзбеңіз. Өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңыздан (ЖЗШ) үзінді көшірмені, Сіз, сондай-ақ төмендегі тәсілдер бойынша ала аласыз:
- БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта арқылы;
- жеке кабинет арқылы;
Ақпарат алу тәсілін айқындау немесе өзгерту мақсатында салымшы (алушы) тікелей Қордың кеңсесінде немесе БЖЗҚ сайтында тиісті келісім жасауы қажет. Айта кету керек:
- БЖЗҚ сайтында «Жеке кабинет арқылы» бір ғана әдісті таңдауға болады;
- салымшы (алушы) ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ мен электрондық үкіметтің сайты және мобильді қосымшасы арқылы келісім жасамай-ақ ала алады.
Ең ыңғайлысы, әрине, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы ақпарат алу.
Естеріңізге саламыз: қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес, салымшылар (алушылар) Қордың өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер туралы БЖЗҚ-ға хабарлауға міндетті.
Мұндай өзгерістерге мыналар жатады:
– «электрондық пошта (e-mail) бойынша» ақпараттандыру тәсілі таңдалған жағдайда, электрондық мекенжайдың өзгеруі;
- егер зейнетақы жинақтары туралы «пошта арқылы» хабарлау тәсілі таңдалған жағдайда, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетілген пошталық мекенжайдың өзгеруі.