
Арал ауданында Аудандық Мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдары, кенттері, ауылдық округтері әкімдерін сайлау: сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру туралы» оқыту-семинары өтті.
Оқыту-семинар жұмысына облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Н.Накипов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті А.Ж.Аяғанова және аға әдіскері А.А.Турабаева, аудандық сайлау комиссиясы мүшелері және 55 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты.
Оқыту-семинарды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Т.С.Дәрменов кіріспе сөз жасап ашты.
Семинар барысында облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Накипов «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі аспектілері», облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев «Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық және құжаттамалық қамтамасыз ету туралы» баяндамалар жасады.
Сондай-ақ, семинарда ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы филиалының өкілдері ұйымдастырған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау күніне бағытталған «іскерлік ойыны» өткізілді.
Оқыту-семинарға қатысушылар сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, сенімді адамдар мен байқаушылардың міндеттері мен құқықтары, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және пандемия жағдайында ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауды өткізу мәселесін талқылап, пікір алмасты.
Соңынан семинарға қатысқан комиссия төрағалары мен хатшылары сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнінде тест тапсырды.
Аудандық сайлау комиссиясы