
Ақеспе – тарих пен табиғат тоғысқан мекен
Ақеспе – Арал теңізінің Солтүстік-Батыс жағалауында орналасқан, терең тарихы бар ерекше орындардың бірі. Археологтардың зерттеуі бойынша, Ақеспе -бұл аумақта алғашқы қауымдық қоғам дәуірінде өмір сүрген адамдар қоныстанған 25 көне елді мекеннің бірі.
1920 жылдары Ақеспе аумағында Әбдірахман есімді ноғай ұлтынан шыққан бай әрі молда өмір сүрген. Ол кезеңде елді мекенде 4–5 үй ғана болған. Елді мекен сол уақыттан бастап «Ақеспе» деп аталып келген. Бұлай аталуы табиғи еспе бұлақтарға байланысты қалыптасқан. Ертеде бұл өңірде жердің қай жерін қазса да, су көздері атқылап шығып отырған. Сондықтан жергілікті халық бұл мекенді «Ақеспе» деп атаған.
Уақыт өте келе Ақеспе ірі қонысқа айналып, мұнда Қаракесек, Жақайым, Төртқара секілді рулар мекендеген. Алғашында тұрғындар Сарбасат пен Үшкөл атты көркем табиғат аймағында өмір сүрген. Бұл жер үш көлдің ортасында орналасып, биік жоталармен қоршалған, жануарлар мен өсімдіктерге бай өңір болған. XIX ғасырда бұл аумақ «Шұбар» яғни Жері шүйгін, бозжусанымен аралас сан алуан шөптің түрі араласып шұбар ала болып өскендіктен бұл жер осылайша аталған. Бұл өңірді бір кездері киік мекендеп, халықтың малымен бірге жайылып, су көздерінен су ішкен. Кейін су ресурстарының азаюына байланысты тұрғындар Ақеспе аумағына қоныс аударған.
1960 жылдардан бастап ауыз су тапшылығы күшейіп, халық Ақеспеге жаппай көше бастады. Елді мекенде ірі балық сақтау қоймасы (трес) жұмыс істеп, тұрғындардың негізгі кәсібі балық шаруашылығы болды. Балықшылар тек балық аулаумен шектелмей, соғыс жылдарында майдангерлерге азық-түлік, киім-кешек және қаржылай көмек көрсету ісіне белсене қатысқан. Әйелдер күндіз балық аулап, түнгі уақытта май шамның көмегімен қолғап, шұлық, шарқат,және жылы киімдер тоқыған, сондай-ақ қой мен түйе жүнінен күрте мен шалбар тіккен.
Бұрын Кіші Арал теңізі Ақеспе аумағын толық қоршап тұрған. Алайда 1976 жылдан бастап теңіздің тартылуы нәтижесінде құрғаған теңіз табанынан жиналған құм Ақеспе бағытына қарай жылжи бастады. Қазіргі уақытта елді мекенде шамамен 40 үй ғана қалған.
Ертеректе бұл жер «тақыр» болған дейді айтушылар бірақ адам сенгісіз. Бүгінде Ақеспе аумағын құм басып отыр.
Бүгінде Ақеспе – Арал өңірінің тағдырлы тарихын көзбен көріп, табиғаттың өзгерісін сезінуге мүмкіндік беретін ерекше туристік бағыт. Бұл жерге келген саяхатшылар көне қоныстардың ізін көріп, бір кездері айдын болған теңіздің тарихымен таныса алады.
Ақеспе – тыныштықты, табиғатпен үндестікті және тарихи орындарды ұнататын туристер үшін нағыз рухани саяхат мекені.
«Құттыбай» шыңы
Игілікұлы Құттыбай — XVII–XVIII ғасырларда өмір сүрген, Жақайым руының Бердіңғұл тармағынан шыққан белгілі бай, ел ағасы болған.
Құттыбай өз дәуірінде мал шаруашылығымен айналысып, мыңдаған жылқы өсірген ірі шаруашылық иесі болған. Оның негізгі жайлауы мен күзеуі Шың алабы аумағында орналасқан. Осы өңірде орналасқан географиялық нысан бүгінгі таңда «Құттыбай шыңы» деп аталып, оның есімімен аталған.
Шың етегіндегі бұлақ маңында шамамен үш мың жылқы су ішкен орын болған. Шыңның үсті Құттыбайдың тұрақты қоныстарының бірі саналған. Күзгі салқын түсе бастаған кезеңде жылқылар теңіз табанына айдалып, ол аймақ ну орманды, шүйгін жайылым болған. Ол кезеңде бұл аумақта теңіз суы болмаған деседі.
Құттыбайдың інілері жылқы баққан табыншылардың жұмысын бақылау мақсатында биік төбелерге қоныстанған. Осыған байланысты Қарасандық, Ақшоқы, Кендірлі, Жиделісай сияқты жер атаулары қалыптасқан.
Кейіннен Ырғыз өңірі арқылы Арқа аймағына жайлауға көшіп отырған.
Құттыбайдың бейіті қазіргі уақытта Құттыбай шыңының үстінде орналасқан. Бұл орын тарихи-мәдени маңызы бар нысан ретінде жергілікті халық арасында құрметке ие.
«Қарасандық» табиғи алқабы
Қарасандық табиғи алқабы терең каньон тәрізді сай ретінде қалыптасқан, оның нәтижесінде жеке оқшау қалған Қарасандық тауы түзілген. Таудың шыңы палеоген дәуірінің “чиликтин” геологиялық қабаттарына жататын оолитті қоңыр теміртас жыныстарының қалың қабаттарынан құралған.
Геологиялық кесінділерде темірлі қабаттар, саздар мен қатты тау жынысы /конгломерат/ ашылып көрінеді. Олар палеогеннің соңғы кезеңінде шөгінді жиналу жағдайларының теңіздік, көл-батпақты және құрлықтық ортаға ауысқанын көрсетеді.
Бұл аумақта бай палеофлористикалық кешендер (Liquidambar, Quercus, Magnolia, Metasequoia және т.б.) анықталған. Олар сол кезеңде жылы әрі ылғалды климаттың және жалпақ жапырақты ормандардың кең таралғанын дәлелдейді.
Ұлу қабықтары мен акула тістерін қамтитын қабаттар тұздылау сулы қысқа мерзімді трансгрессиялардың (су деңгейінің көтеріліп, құрлықты жаулап алуы) болғанын айғақтайды.
Қарасандық — ғылыми, білім беру және эстетикалық құндылығы жоғары эталондық геологиялық нысан болып табылады.
Ыстық су
Ақеспе ыстық бұлағы – табиғаттың ерекше сыйы. Бұл шипалы бұлақ 1986 жылы іздестіру-гидрогеологиялық ұңғыманы бұрғылау кезінде 1307 метр тереңдіктен атқылап шыққан. Су температурасы 63°C, яғни жыл бойы жылы күйінде ағып жатады. Жерастының терең қабаттарынан шығатын бұл термалды су минералдарға бай және секундына 25 литрден астам мөлшерде өздігінен ағады. Суының минералдануы жоғары, құрамында радон бар және өзіне тән күкіртсутек иісі сезіледі.
Бұл бұлақ жергілікті тұрғындардың оны емдік мақсатта пайдалануына байланысты қасиетті орынға айналды. Сондықтан бұл орын сауықтыру туризміне, табиғат аясында тынығуға және Арал өңірінің ерекше географиялық құбылыстарымен танысуға қызығатын саяхатшылар үшін тартымды бағыт болып табылады. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем.
Ақеспе ауылында жергілікті тұрғын, жеке кәсіпкер Кенжебаев Дарханның бастамасымен сырттан келген қонақтарға арналған жайлы қонақ үй типіндегі жатын орын жұмыс істейді. Бұл нысан 15 адамға дейін қабылдай алады. Сонымен қатар, 20 адамға арналған асхана қызмет көрсетіп, келушілерге ұлттық және күнделікті тағамдар ұсынады.
Жаз мезгілінде Ақеспе ерекше жандана түседі. Жақын маңдағы елді мекендерден келген демалушылар табиғат аясында тынығу үшін өз шатырларын тігіп, осы аумақта демалыстарын өткізеді. Ашық аспан астындағы мұндай демалыс түрі табиғатпен етене жақын болуды қалайтын туристер үшін ерекше әсер сыйлайды.
Ақеспе – тыныштық, табиғилық және шынайы ауыл атмосферасын сезінгісі келетін қонақтар үшін қолайлы мекен.