
Арыстанбаб зираты, ІХ-ХІ ғғ.
Ақбай елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым
Қызылорда облысында сонау ежелгі сақ дәуірінен тамыр тартатын байырғы өркениет ескерткіштері: асарлар, бекіністер, көне қалалар, әулиелер мен тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар мен кесенелер өте көп кездеседі. Солардың ішінде Ақирек тауының бөктерінен орын тепкен Арыстан баб жайы ерекше аталады.
Түрлі аңыздар мен әфсаналарда Арыстан бабтың жеті жерде жай бар екендігі айтылады. Соған тоқтала кетсек.
Аңыз бойынша Арыстан баб дүние¬ден өткен уақытта оның денесін өз же¬рі¬не қоймақ болған мұсылман баласы ара¬сында келіспеушілік болған деседі. Дау-дамайдың оңайлықпен оң шешімін таба қоймайтыны анық болып, бабаның мүрдесін түйелер керуеніне артып жолға шығады. Олардың барлығының түр-түсі бір-бірінен аумайды екен. Мүрде қай түйенің үстінде екенін ешкім де білмейді. Түйелер Арабия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аймақтарын басып өтеді. Оның әрқайсысында бір-бір түйеден шөгіпті. Бүгінде Қырғызстанның Жалалабад қаласында, Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, Израильдің Тель-Авив қаласынан елу шақырым жерде бабаның осындай қасиетті орны кездеседі.
Соңғы екеуі қазақ даласына дейін жеткен көрінеді. Бірі Отырар алқабындағы қазіргі Арыстанбаб кесенесі орын тепкен жерге шөксе, соңғысы Арал топырағындағы осы Ақирекке дейін келген.
Ескі қорым басында оның мемлекеттік қорғауға алынғанын білдіретін тақтайша орналасқан. Мұндағы бұлақ та есте жоқ ескі заманнан бері ағып жатыр. Тау басынан етекке жылғаланып түскен суы кей жылдары әжептәуір көлге айналады.
Әулие басындағы тасқа түскен сәбидің ізі, тарақ таңбасы көзге тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Осы өңірде Бала әулие, Қыз әулиеге қатысты айтылатын аңыз бен қойылған белгі тау төбесінде талай қазына көміліп жатқанын айғақтайды. Осының өзі осы өңірдегі қариялар батасында айтылатын «Ақиректе Арыстан баб...» сөзінің тектен-тек шықпағанын дәлелдеп тұрғандай.
Ел аузында Арыстан бабтың кереметке толы өмірі, оның хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың аманатын Қожа Ахмет Йасауиге жеткізгендігі жайында бірнеше аңыз сақталған. Мысалы, солардың бірінде былайша әңгімеленеді: Хазіреті Пайғамбарымыз өзінің Миғраж сапарында ғаршының бір сатысында Қожа Ахметтің бейнесін көреді. Кейін бір мәжілісте сахабарына болашақта Түркістан өлкесіне дін таратушы осы бала болатынын айтады. Оған деген аманат құрманы 500 жылдан соң кім жеткізетінін сұрағанда олардың ешқайсысы үндемейді. Сол уақытта Арыстан баб деген қарт сахаба орнынан тұрып, «рұқсат болса, мен жеткізейін» депті-мыс.
Арада көп заман өтеді. Алланың құдыретімен ұзақ өмір сүрген Арыстан баб Сайрам шаһарына келіп, Ахметтің үйін іздеп табады. Әулие әке-шешесі Ибраһим шейх пен Қарашаш анаға балаларының болашақта үлкен дін иесі болатынын айтып, оған ұстаздық етуге рұқсат сұрайды. Бұл кезде жеті жасар Ахмет далада балалармен ойнап жүреді. Өзін іздеп келген Арыстан баб әулиені таныған Ахмет: «Ата, аманатымды беріңіз», - дейді. Әулие аузын ашқан кезде құрма зып беріп баланың аузына еніп кетеді. Арыстан баб баланы сынамақ үшін: «Құрмадан маған да қалдырмайсың ба?» дегенде, Ахмет: «Ата, сіз құрманың маңызын жеп, маған сүйегін ғана қалдырыпсыз», - деп жауап береді. Көне заманнан жеткен аңыздың бар оқиғасы осымен бітеді. Бұл сюжет әрқилы аңыздарда аз-кем құбылғанымен, олардың ешбіреуі оқиға өзегінен алыстай қоймаған.
Аталған аңыз Қожа Ахмет Йасауидің сирек қорларда сақталған ескі қолжазба мұралары мен әр жылдары жарық көрген «Хикмет» жинақтарында да көрініс тапқаны мәлім.
Аңыз ақиқатқа негізделеді. Сол аңыз бойынша жеті жерде жайы қалған Арыстан бабтың бір ізі Арал ауданында болғаны бізге үлкен мақтаныш. Исі мұсылман елдеріне ортақ аңыз тұлғаның Ақирек тауының басынан жай табуы әсте бекер емес шығар.
Бабамыздың есімін келешек ұрпақтың жадында мәңгі жаңғырту мақсатында Ақирек ауылдық округіндегі «Арыстан баб» кесенесіне жаңадан тілеухана, асхана, автотұрақ және қонақ үй ғимаратын салып, заманауи абаттандыру ісі қолға алынуда. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланғанда туризм саласын өркендетуге, қасиетті орынға алыс-жақыннан тәу етіп келушілердің өзі қалағандарындай мінәжәт қылуларына мол мүмкіндік тумақ. Бұл өңір жұртшылығына ортақ жұмыс.
Бүгін де жұмыстың басы басталып кетті. Қазіргі таңда тау басындағы мазарат орналасқан барлық аумақ түгелдей қоршалып, баба басына баратын жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Ақирек ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық паспорты
Ақирек ауылдық округі 2005 жылы құрылған. Округ облыс орталығынан 356 шақырым, аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан.
Округ халқының жалпы саны – 841 адам, оның ішінде 456 ер адам және 385 әйел адам. Этникалық құрамы – қазақтар (100%). Жастар саны (14–29 жас аралығы) – 221 адам. 6 жасқа дейінгі балалар саны – 107, 6–18 жас аралығындағы балалар – 171 адам. Зейнеткерлер саны – 75 адам. Округте 136 қожалық тіркелген. «Алтын алқа» медалімен марапатталған аналар – 12, «Күміс алқа» медалімен марапатталған аналар – 18.
Экономикалық белсенді халық саны – 356 адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандар – 352 адам, жұмыссыздар – 4 адам. Жұмыссыздық деңгейі – 1,2%.
Округтің жалпы жер көлемі – 1557 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 3293 гектар, оның ішінде егістік – 112 гектар, жайылымдық жерлер – 1284 гектар.
Білім беру саласында 1 орта мектеп (179 оқушы), 1 балабақша (25 бала) және 1 шағын орталық (20 бала) қызмет көрсетеді. Мәдениет саласында 1 клуб және 1 кітапхана жұмыс істейді. Денешынықтыру және спорт саласында 1 спорт залы және 1 спорт алаңы бар.
Денсаулық сақтау саласында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді, онда 3 медицина қызметкері қызмет атқарады. Ұялы байланыс қызметін «Activ» операторы қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы округ экономикасының негізгі бағыты болып табылады. Округте 48 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген, оның ішінде 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 46 шаруа қожалығы бар. Мал басының жалпы саны – 3230: мүйізді ірі қара – 804, ұсақ мал – 1472, жылқы – 874, түйе – 20, құс – 60 бас.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 86. Округ аумағында 4 сауда нысаны және 1 қызмет көрсету орны жұмыс істейді. Көшелердің жалпы ұзындығы – 4,55 шақырым. Ауыз сумен қамту орталықтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Ақирек ауылдық округі әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан, ауыл шаруашылығы саласы дамыған елді мекен болып табылады.