
Арал аудандық мәслихатының VІІІ шақырылымының алғашқы сессиясында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрбек Зағатов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.
19 наурызда өткен аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында аудан көлемінде құрылған 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 51 кандидат дауысқа түсіп солардың ішінен аудан халқының қолдауына ие болған 15 адам сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты атанды. Сайланған депутаттардың барлығы жоғары білімді, 5-еуі әйел, 10-ы ер азамат.
Сессияда депутаттардың бірауыздан ашық дауыс беру нәтижесімен мәслихат төрағасы болып Базарбай Төреахметов сайланды.
«Құрметті халық қалаулылары! Үлкен саяси науқандағы Жеңістеріңіз құтты болсын! Алдағы уақытта да ауданның өсіп-өркендеуі жолында, маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Біз де өз тарапымыздан сайлаушылардың талап-тілегін орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Халықтың сенімін ақтау бағытында жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Алдағы қызметтеріңізге табыс тілеймін!»- деп аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрбек Нұртайұлы ізгі лебізін білдірді.
Айта кетейік, аудандық мәслихатқа «Amanat» партиясынан ұсынылған 10 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған 1 депутат және өзін-өзі ұсынған 4 депутат сайланды. Оның ішінде әйелдер 33 пайызды құрайды.