Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) 2005 жылдан бастап белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін іске асырады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары төлеушілердің, яғни жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін Қорға төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар жұмыскерлердің жалақысынан ұсталынбайды, ол жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыруда жұмыс берушінің жауапкершілігі іске асырылады.

2025 жылдан бастап жүйеге салық агенттерімен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС шарты) бойынша табыс алатын жеке тұлғалар кірді.

АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі олардың алатын табысы болып табылады, ал әлеуметтік аударымдарды төлеушілер - АҚС шарты жасалған салық агенттері болып табылады.

Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 2025 жылдан бастап 5% құрайтын болды. Бұл ретте, салық заңнамасына сәйкес, салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын Қорға төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (бұдан әрі - ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі 1 ЕТЖ-дан аз болса, онда әлеуметтік аударымдар 1 ЕТЖ негізге алына отырып төленеді.

Осыған байланысты әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 250 теңгені (85 000 теңге * 5%), ал ең жоғары мөлшері – 29 750 теңгені ((7 * 85 000 теңге) * 5%) құрайтын болды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне Қызылорда облысынан 214 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтар қатысып және өткен жылы өңірде 70,0 мыңнан аса адам Қордан әлеуметтік төлемдер алды.

Жүйе Қордан тағайындалатын екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдерді қарастырады – жұмыскер жалпы еңбек ету қабілетінен айырылған кезде, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алады. Бұл төлемдер бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде индекстелетінін атап өту қажет. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған төлемдер 6,5%-ға арттырылатын болады. Қызылорда облысы бойынша еңбекке қабілеттіліктен айырылған 3233 адамға және асыраушысынан айырылған 2748 отбасыға әлеуметтік төлемдер автоматтандырылған режимде көтерілді.

2024 жылдың 12 айында Қызылорда облысында 4020 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуы жағдайына жалпы сомасы 1,3 млрд. теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 3048 отбасы 1,3 млрд. теңге сомасына әлеуметтік төлемдер алды.

Жүйеге қатысушы үшін маңызды қолдау - бұл жұмысынан айырылу себептеріне қарамастан, Мансап орталығы оны жұмыссыз ретінде тіркеген жағдайда тағайындалатын жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем. Қызылорда облысында 2024 жылы 15130 адам жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгеге көрсетілген төлемді алды.

Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балаға байланысты. Мәселен, жұмыс істейтін әйел жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.

2024 жылдың 12 айында Қызылорда облысындағы 12938 болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты жалпы сомасы 16,4 млрд. теңгеге, сондай-ақ бала күтіміне байланысты 34995 адам жалпы сомасы 19,1 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.

Төлем құрылымындағы негізгі үлес ана мен балаға байланысты төлемдерге тиесілі. Жыл сайын осы мақсатқа Қордан төленетін төлемдердің жалпы көлемінің 82% - дан астамы жұмсалады.

Осылайша, 2024 жылғы жағдай бойынша Қызылорда облысының тұрғындары үшін Қордан 41,1 млрд. теңгеге жуық сомаға әлеуметтік төлемдер төленді.

Жұмыс істейтін әйелдерге төленетін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем  бойынша ағымдағы жылы қабылданған өзгерістер:

- жұмыс берушілердің санына қарамастан, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кірісті 7 ЕТЖ-ге дейін шектеуді;

- жүктілікке және босануға, бала күтімі жағдайлары бойынша кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін  есептегенде әлеуметтік тәуекелдер туындаған күннен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды алып тастауды көздейді.

Бұл өзгерістерді жүзеге асыру сақтандырылған кірістерді жасанды түрде арттыру мүмкіндігін азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Нақты орташа айлық табысы белгіленген лимиттен асатын әйелдер үшін жұмыс беруші арқылы қосымша төлемдер алу мүмкіндігі қарастырылғанын қосымша хабарлаймыз. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші МӘСҚ-дан төленген соманы шегере отырып, орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілігі және босануы жағдайына демалысқа ақы төлейді. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көзделуі мүмкін, егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны сол құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы (Әлеуметтік кодекстің 71- бабы 3 тармағы және Еңбек кодексінің 99- бабы 4- тармағы).

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және әлеуметтік аударымдардың Қорға уақтылы және толық төленуіне тікелей байланысты екенін айта кету керек. Осыған байланысты, жұмыс істейтін азаматтар үшін Қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдардың сомасын тұрақты негізде тексеріп отыру маңызды. Бұл, бүгінгі таңда egov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимінде, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелері немесе Қордың филиалдары арқылы офлайн режимде қолжетімді.

Жалпы Қордың негізгі міндеті әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің тиісті мөлшерін алу мақсатында халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.

Қызылорда облысы бойынша  «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы

Дата публикации
22 апреля 2025