Тұжырымдама

Мемлекеттік тіл саясаты
Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
2024 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 142,1 млн. теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 130 млн 151 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 11 млн 993 мың теңге).
Есепті кезеңде Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы барлығы 1647 адам, оның ішінде 826-сы мемлекеттік тілді, 421-і орыс тілін, 400-і ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Тіл орталығының әзірлеген «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқыту» және «Қазақ тілін меңгертуге арналған мәтіндер жинағы» әдістемелік құралдары жарық көрді.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Körneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда.
Жоба аясында Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушыларының арасында «Үздік оқытушы-2024», жергілікті журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқаулары өткізілді.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ президенті Р. Кенжеханұлының қатысуымен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл оқытушыларының арасында «Қазақ тілін оқытудың озық әдістемесі» тақырыбында облыстық семинар, басқармаға қарасты мекемелер арасында «Этно Quiz» интеллектуалдық сайыстары ұйымдастырылды.
2024 жылғы 2-30 сәуір аралығында жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында «Тіл – руханият өзегі» атты тіл айлығы жарияланып, акциялар, байқаулар, ұлттық-танымдық интеллектуалды сайыстар, диалог алаңдары, дөңгелек үстелдер, т.б. шаралар өткізілді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында қала, аудан әкімдіктерінің, облыстық, аумақтық мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мәселелері» жөнінде кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті.
Мемлекет басшысының Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілді дамыту бағытында берген тапсырмасына сәйкес ғалымдардың, тіл жанашырларының, түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл: мәселеден замануи тәсілдер арқылы дамытуға дейін» тақырыбында ғылыми-сараптамалық талқылау өткізілді.2024 жылғы 23 шілдеде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департементінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тілдік ахуалға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен анықталған кемшіліктерді жою жөнінен ұсыныстар берілді.
10 тамыз – Абай күніне орай өткізілген «Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты облыстық байқау жеңімпаздары Абай аллеясында салтанатты түрде марапатталды.
3 қыркүйек күні саналы ғұмырын білім мен ғылым жолына арнаған ғалым тұлғалардың еңбек жолындағы тағылымы мен ғылыми мұралары мен зерттеулерін халыққа кеңінен насихаттау мақсатында «Ғылымдағы ғұмырлар» тақырыбында республикалық дәріс сағаты өтті.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күніе орай «Тілі бірдің – тілегі бір» атты мерекелік шара өткізілді.
Мерекелік шара барысында облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандарын облыстың және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетіп отырған және мемлекеттік тілді насихаттаудағы жетістіктері үшін түрлі сала өкілдері арнайы номинациялармен марапатталды.
6 қыркүйек күні Қызылорда қаласындағы балабақшаларда «Тілді сүю - талбесіктен» акциясы ұйымдастырылды.
26 қыркүйек күні Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының 15 жылдығына орай «Тілдегі өзгерістер: тіл үйретудегі отандық әдістеме» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Жалпы, мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі форматта барлығы 167 шара өткізіліп, оған 8000-ға жуық адам қамтылды.
«Körneki» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда қаласындағы 1122 кәсіпкерлік нысанның көрнекі ақпараты зерделеніп, 30 нысанда кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыным хаттар беріліп, әдістемелік көмектер көрсетілді.
Қалалық, аудандық бөлімдер тарапынан облыс бойынша 834 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен кемшілік анықталған 181 нысан иесіне «Тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, оларды жою бағытында ұсыным хаттар берілді.
Жергілікті телеарналардан «Көрнекі ақпарат және заң» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Сонымен қатар 2023 жылдың желтоқсан айында «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында жарыққа шыққан «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі Кәсіпкерлік палатасына, қала, аудан әкімдіктеріне, кітапханаларға, оқу орындарына таратылды.
Мемлекеттік тіл саясаты және ономастика саласы бойынша бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жергілікті кент, ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына түсіндіру мақсатында
5-14 тамыз аралығында тіл саясаты және ономастика мәселелері бойынша Қызылорда қаласы мен аудандарда көшпелі семинарлар өткізіліп, бірқатар кент, ауылдық округтерде зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесімен, анықталған кемшіліктерді жою жөнінен қала, аудан әкімдеріне ұсыныс хаттар жолданды.
2024 жылғы 6-7 қараша күндері Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп 146 адам «Қазтест» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден өтті.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.

Дата публикации
22 января 2025