
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында 2026 жылғы күзгі шақыру науқаны аяқталды. 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында 7 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Жоспарға сәйкес шақыру науқаны белгіленген мерзімде толық орындалды
Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтау, бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттерін орындайтын бөлімшелердің қатарын толықтырады.
Қажетті дайындықтан өткен соң жас әскери қызметшілер өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға кіріседі. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл қызметке күн сайын 7 мыңнан астам ұландық жұмылдырылады. Тағы 2 мыңға жуық әскери қызметші маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетеді.
Күзгі шақыру науқаны Ұлттық ұланның жеке құрамын толықтырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындауға қажетті күштерді жасақтауға мүмкіндік берді. Әскери қызмет жастардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға баулиды.
Отан қорғаушы үшін мерзімді әскери қызмет өмірлік тәжірибе жинақтауға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әскерде алған білімі мен тәжірибесі олардың алдағы уақытта қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосуына негіз болады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Елордадағы Конгресс-холда Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің Ерлер хорының мерейтойлық концерті өтті. Биыл құрылғанына 10 жыл толған ұжым концертте репертуарындағы ең үздік шығармаларды орындап, тыңдарманға ұсынды.
Бес бөлімнен тұратын бағдарламаға халық әндері, классикалық шығармалар, көркем фильмдердің музыкалары мен шетелдік әндер енді. Концертте импровизациялық нөмірлер орындалды. Кейбір шығармаларды таныстыру үшін жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтер көрсетілді.
Кеш қонақтары да концерттік бағдарламаға қатысып, музыкалық тартуларын ұсынды. Олардың арасында 2016 жылы құрылған хордың негізін қалаушылар мен бұрынғы өнерпаздары да болды.
Бүгінде Ұлттық ұланның Ерлер хоры республикалық және халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Ұжымның бағдарламасында әскери-патриоттық шаралармен қатар, мерекелік концерттер мен мәдени жобалар да бар.
Хордың кәсіби деңгейі күрделі вокалдық шығармаларды орындауынан және әртүрлі жанрдағы туындыларды ұсынуынан байқалады. Мәселен, ұжым Linkin Park тобының Numb әнін домбыра сүйемелдеуімен орындап, ресейлік «Ну-ка, все вместе!» вокалдық шоуында көрермен назарына ұсынған еді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Семей қаласындағы 5511 әскери бөліміне инспекциялық сапармен барды.
Әскери бөлімнің жеке құрамы қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттерін орындайды. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.
Инспекция барысында Бас қолбасшы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттің ұйымдастырылуына, жеке құрамның жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына және полиция қызметкерлерімен өзара іс-қимылына ерекше назар аударды. Бөлімшелердің үйлесімді жұмысы, туындаған жағдайларға жедел ден қою және әскери қызметшілердің тұрақты әзірлігі қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Сапар барысында Бас қолбасшы мерзімді әскери қызметке жаңадан келген жас сарбаздардың дайындығына да назар аударып, оқу пунктінде сарбаздардың әскери даярлығымен танысты. Мұнда жас ұландықтар әскери істің негіздерін меңгеріп, жауынгерлік қызметті атқару тәртібін, қаруды қолдану ережелері мен әскери тәртіп талаптарын үйреніп жатыр.
Генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жас әскери қызметшілермен әңгімелесіп, олардың даярлық барысы мен әскери ортаға бейімделуіне қызығушылық танытты. Ол сарбаздарға әскери мамандықты меңгеруде табандылық және әскери борышын орындауда жауапкершілік тіледі.
Инспекция аясында Аңсаған Балтабеков жеке құрамның үй-жайын да тексерді. Ол казармаларды, тұрмыстық бөлмелер мен оқу сыныптарын аралап, әскери қызметшілердің күнделікті тұрмысын ұйымдастыру деңгейімен және сабақ өткізуге жасалған жағдайлармен танысты.
Асханада Бас қолбасшы тамақ дайындау цехінің жұмысын, азық-түлікті сақтау және ас әзірлеу жағдайларын зерделеді. Санитариялық талаптардың сақталуына, сондай-ақ жеке құрамды құнарлы әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, генерал-лейтенант А. Балтабеков әскери бөлімнің медициналық пунктіне барды. Бас қолбасшылық жұмысының басым бағыттары ретінде әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау,науқастанудың алдын алу және медициналық көмекті уақтылы көрсету мәселелері белгіленді. Әрбір әскери қызметшінің қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі сапалы алуын қамтамасыз ету міндеті атап өтілді.
Инспекция қорытындысы бойынша Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы әскери қызметшілердің тұру және қызмет өткеру жағдайларын одан әрі жақсартуға, жас сарбаздардың даярлық сапасын арттыруға және мерзімді әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қатардағы Аружан Жүнісова ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ол ведомство тарихындағы алғашқы кинолог қыз атанды. Қазір әскери қызметші жаңа мамандықты меңгеріп, орыс аңшы спаниелі тұқымына жататын қызметтік итті есірткі заттарын іздеуге үйретіп жатыр.
Ұлттық ұланда бұл тұқымдағы ит алғаш рет арнайы дайындықтан өтуде. Осылайша, Аружан кинология қызметінде бірден екі тың бастаманың басы-қасында жүр.
Аружан бала кезінен жануарларға әуес. Ол көшеде қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды үйіне жиі әкеліп, оларға қамқорлық танытатын. Бала күнінен бойына сіңген мейірімділігі мен өзгелерге көмектесуге деген ықыласы оның өмірлік ұстанымына айналды.
Мектеп бітіргеннен кейін ұландық Алматы қаласындағы медициналық колледжді тәмамдап, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеді.
Алайда әскери қызметші болу арманы оның көкейінен кетпеген. Ұлттық ұланға әйел кинологтарды қабылдау басталғанын естігенде, Аружан жаңа мамандықты игеруге бел буды.
Бүгінде әскери қызметшінің басты серігі – Чарли есімді үш айлық спаниель. Кинолог қыз күн сайын оны тамақтандырып, денсаулығын тексеріп, жаттықтырады. Оның айтуынша, спаниельдердің шағын дене бітімі мен ширақ қимылы тар жерлерді тінтуде таптырмас көмекші.
Аружан үшін бұл жағдай әскери қызмет туралы арманын жүзеге асырып, жануарлармен жұмыс істеуге деген қызығушылығын кәсіби қызметімен ұштастыруға мүмкіндік берді. Ал Ұлттық ұлан үшін кинолог қыз қызметтік иттерді даярлау ісінде жаңа тәжірибеге жол ашты.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде IVECO шағын автобусының базасында жылжымалы асхана жабдықталды. Енді автокөлікті стационарлық асхана жоқ далалық және қызметтік жағдайларда әскери қызметшілерді тамақтандыру үшін қолдалануға болады.
Мұндай шешімнің қажеттілігі Қазақстанның континенттік климатының ерекшеліктеріне, әсіресе күзгі-қысқы кезеңге байланысты туындады. Жылжымалы асхана қызметтік міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Шағын кеңістік жеке құрамның күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып өзгертілді. Мобильді тамақтану орны алты адамға арналған және азық-түлікті сақтауға, дайын тағамдарды жылытуға және тамақтануды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Салонда алынбалы шкаф, микротолқынды пеш, электр шәйнек және үстел бар.
Гигиенаны сақтау жағдайлары да ескерілген. Шкафта екі контейнер бар: біреуі қолды жууға қажетті таза су үшін, екіншісі пайдаланылған суды жинауға арналған. Тұрмыстық жабдықтар инвертор арқылы қамтамасыз электрмен етіледі.
Мобильді асхананы құру кезінде микроавтобусты мақсатына сай пайдалану мүмкіндігін сақтау маңызды болды. Сондықтан барлық жабдықтар корпусты бұрғыламай және дәнекерлеу жұмыстарын жүргізбестен штаттық бекітпелерге орнатылды. Бұл артқы есіктерді ашуға және жүк бөлімін пайдалануға кедергі келтірмейді, сондай-ақ азық-түлік пен қажетті керек-жарақтарды еркін жүктеуге және түсіруге мүмкіндік береді.
Шешімнің тағы бір ерекшелігі — көлікті бастапқы күйіне тез қайтару мүмкіндігі. Асхананың барлық элементтері алынбалы. Қажет болса, оларды бөлшектеуге және стандартты орындықтарды өндіруші қарастырған бекіту орындарына орнатуға болады.
Қазір мамандар жаңа шешімнің практикалығын және қызметтік міндеттерді орындау кезінде қолдану мүмкіндігін бағалауда. Егер пилоттық жоба өзінің тиімділігін растайтын болса, жылжымалы асханалар құқықтық тәртіп әскерінің басқа да әскери бөлімдерінде пайда болуы мүмкін. Бұл стационарлық инфрақұрылым қолжетімсіз жағдайларда жеке құрамды тамақтандыру мүмкіндіктерін кеңейтпек.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр. Жыл басынан бастап дрон операторларын даярлау құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілді. Бұл сарбаздарға заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды игеріп, жаңа мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді.
Әскери қызметшілердің даярлығы жас жауынгер курсынан басталады. Бұл кезеңде олар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, саптық және атыс даярлығынан өтеді, әскери күн тәртібіне бейімделіп, бөлімше құрамында әрекет етуді үйренеді. Сонымен қатар дрондарды басқару бойынша да білім алады.
Оқу сыныбында ұландықтар дрондардың құрылымын, оларды басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін және тактикалық қолдану негіздерін меңгереді. Бағдарлама аясында командирден, FPV-дрон операторынан, оқ-дәрілер жөніндегі маманнан және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептоп даярланады.
Оқыту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен әр әскери қызметші өз мамандығы бойынша қажетті дағдыларды игереді, содан кейін топтық жаттығуларға қатысады. Бұл есептоп мүшелерінің өзара үйлесімді әрекет етуін пысықтап, міндеттерді бірлесе орындау дағдыларын қалыптастырады.
Дайындықтан өткен сарбаздар патрульдік қызметке кірісіп, Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.
Заманауи технологиялар әскери істің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан ұландықтардың мерзімді әскери қызмет кезінде жаңа технологиялар мен жұмыс тәсілдерін меңгеруі маңызды. Дрон операторларын даярлау әскери қызметшілердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, заман талабына сай дайындалуына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін тиімді орындауына ықпал етеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында әскери кеңес өтті. Онда 2026 жылдың тоғыз айы бойынша әскердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің нәтижелері қаралды және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.
Отырыс Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен өтті.
Әскери кеңестің жұмысына өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан академиясының бастығы, бас басқармалардың, басқармалардың, орталықтардың, дербес бөлімшелер мен қызметтердің басшылары қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде отырысқа өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің басшылық құрамының офицерлері қосылды.
Отырыс барысында қызметтік-жауынгерлік қызметтің жай-күйі туралы баяндамалар тыңдалды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің, жауынгерлік даярлықты ұйымдастырудың, сондай-ақ әскери бөлімдерді жасақтаудың өзекті мәселелері қаралды.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындады. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 300 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
Ұлттық ұлан бөлімшелері сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға дайындықтың жоғары деңгейін растай отырып, бес халықаралық саяси іс-шараның және шет мемлекеттер басшылары мен ресми делегациялардың он сегіз сапарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Қызметтің басқа бағыттарында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Әскери қызметшілер тыйым салынған заттарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына кіргізбек болған 64 әрекеттің алдын алды. Аталған кезеңде айдауылдау бөлімшелері 55 мыңнан астам сотталғандар мен қамауда отырған адамдарды тасымалдады.
Әскери қалашықтардың (Алматы, Түркістан, Жезқазған), казармалардың (Орал, Қызылорда, Атырау), ғимараттар мен құрылыстардың (ҰҰ академиясы) құрылысы жалғасуда, 7 нысанды күрделі жөндеуге шарттар жасалды.
Отырысты қорытындылай келе, Ішкі істер министрі қызметтік-жауынгерлік қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Басым міндеттердің қатарында тәрбие және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, жас толықтыруды табысты бейімдеуге жәрдемдесу, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен қызметтік тәртіпті нығайту, сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын одан әрі дамыту айқындалды.
Әскери кеңес отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданды, ол басшылық ету және орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Биыл елордалық колледждің жеті түлегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызмет өткеруге шешім қабылдады. Олардың барлығы фельдшер мамандығының иесі. Қазір олар Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің оқу пунктінде әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, Отан алдында ант беруге дайындалып жатыр.
Бұл бастаманы қатардағы Кәдіржан Байтенов көтерді. Ол алғашқылардың бірі болып әскери басқару органына барып, медициналық комиссиядан өтті. Кейін бірге оқыған достарына әскерге баруға жол көрсетті.
Бұл ұсынысты сол кезде Шымкентте жүрген қатардағы Думан Қорғанбаев та қолдады. Достарының әскерге жиналып жатқанын естіген ол Астанаға билет алып, сол күні әскери басқару органына келді. Осылайша бұрын бір топта білім алған жеті жігіттің қайтадан бастары қосылды. Бұл жолы олар әскери киіммен сап түзеді.
Қазір ұландықтар жас сарбаз курсынан өтіп жатыр. Олар әскери күн тәртібіне бейімделіп, саптық даярлық пен әскери істің негіздерін меңгеруде. Айтуларынша, бірге келген достарының жанында болуы жаңа ортаға бейімделуді жеңілдетеді.
– Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы білеміз. Сондықтан мұнда өзімізді сенімдірек сезінеміз. Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізден көмек сұрай аламыз. Бірге қызмет етудің өз қызығы бар. Күнделікті сәттерді де, әскери өмірдің алғашқы қиындықтарын да бірге өткеріп жатырмыз. Қандай жағдайда да бір-бірімізге қолдау көрсете аламыз, – дейді қатардағы Алмас Болысбек.
Жас сарбаздардың Ұлттық ұланды таңдауына әскердегі заманауи технологиялар да әсер еткен. Олардың назарын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі цифрландыру, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері және тамақтандыру саласындағы жаңа шешімдер аударған.
Жеті досты алда әлі бірнеше айлық әскери қызмет күтіп тұр. Жауынгерлік дайындықтан кейін олар Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер атқаратын болады.
Олардың кейбірі болашақта Ұлттық ұланның әскери медицина саласында қызметін жалғастыруды ойлап жүр. Бірнеше ұландық Әскери-медициналық басқармада қызмет етіп, колледжде алған фельдшерлік білімін әскери салада пайдалануға ниетті.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Алматыда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихы бастау алатын 5449 әскери бөлімінің құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Алпыс жыл ішінде әскери бөлім бірнеше рет қайта құрылып, оның атауы мен құрылымы өзгерді. Алайда әскери борышқа адалдық пен жүктелген міндеттерді орындауға әзірлік секілді басты ұстанымдар өзгерген жоқ.
Мерекелік іс-шараға өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері, ардагерлер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков әскери қызметшілерді мерейтоймен құттықтады.
Ол әр жылдары қызмет атқарған әскери қызметшілердің еңбегін атап өтіп, қызмет дәстүрлері мен сабақтастықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жеке құрамға қызметтік міндеттерін атқаруда табыс тіледі.
Салтанатты шарада құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері мен ардагерлеріне бөлім тарихына қосқан үлесі үшін грамоталар, төсбелгілер және естелік сыйлықтар табысталды.
Қатысушыларға арналған мерекелік тарту ретінде Ән-би ансамбль «Ұлттық ұлан – ел айбыны» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Концерт барысында Ұлттық ұлан қызметінің маңызын дәріптейтін, Отан қорғаушыларға арналған әндер шырқалды.
Мерейтой әр жылдары қызмет атқарған әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырды. Олар бөлімнің қалыптасу тарихын еске алып, әскери қызмет жолындағы дәстүрлер сабақтастығына тоқталды. Бүгінде осы дәстүрді жаңа буын әскери қызметшілері лайықты жалғастырып келеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстанда 5 қазанда атап өтілетін Ұстаздар күні қарсаңында болашақ офицерлердің кәсіби білімі мен дағдыларын қалыптастыратын оқытушыларға ерекше назар аударылады. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Академиясы – еліміздегі алдыңғы қатарлы әскери жоғары оқу орындарының бірі әрі құқықтық тәртіп әскеріне офицер кадрларын даярлайтын негізгі орталық.
Оқу орны құрылғаннан бері 26 рет түлек ұшырды. Бүгінде Академияның 6 мыңнан астам түлегі Ұлттық ұланда және басқа да күштік құрылымдарда қызмет атқарып жүр. Олардың көпшілігі басшылық лауазымдарды атқарып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін дамытуға өз үлестерін қосуда.
Академияда ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы бар 15 маман қызмет атқарады. Олардың қатарында үш ғылым кандидаты және сегіз философия докторы (PhD) бар. Сегіз маман қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағына ие, олардың төртеуінде ғылыми дәрежесі жоқ, тек ғылыми атағы бар.
Академияның ғылыми әлеуеті білім беру үдерісін жетілдірудің, әскери ғылымды дамытудың және білікті офицерлер даярлаудың негізін құрайды. Оқытушылардың зерттеу жұмыстары әскери қызметтің өзекті мәселелерін зерделеуге, оқыту әдістемесін жетілдіруге және ғылыми әзірлемелерді Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызмет тәжірибесіне енгізуге бағытталған.
Академия базасында тұрақты түрде халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар және басқа да ғылыми іс-шаралар өткізіледі. Олар әскери оқу орындарының, ғылыми қоғамдастық пен құқық қорғау құрылымдарының өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға және әскери білім мен қызметтің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
2022 жылдан бастап Академияда кафедралардың, циклдердің және профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін бағалаудың балдық-рейтингтік жүйесі қолданылады. Бұл жүйе ғылыми белсенділікті, жарияланымдық жұмысты, ғылыми іс-шараларға қатысуды және жүргізілетін зерттеулердің практикалық маңызын жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Ғылыми қызметті дамытуға елеулі жеке үлес қосқан, жоғары жарияланымдық белсенділік танытқан және ғылыми-зерттеу жұмыстарында нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілер мен оқытушылар тұрақты түрде ынталандырылады.
Академияның білім алушылары да зерттеу жұмыстарына белсенді түрде тартылады. Мұндай жұмыс болашақ офицерлердің аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға, кәсіби білімдерін тереңдетуге және әскери қызметтің өзекті міндеттерін шешудің практикалық жолдарын табуға көмектеседі.
Бүгінде Академия өзінің ғылыми және білім беру дәстүрлерін одан әрі нығайтып келеді. Әрбір даярланған офицердің артында Ұлттық ұланға және тұтастай алғанда елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне кадрлар даярлауға елеулі үлес қосып жүрген оқытушылардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби еңбегі тұр.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі