
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының офицері капитан Аманғали Еменов қайғылы оқиғаның алдын алды: ол тұрғын үйдің төртінші қабатынан секірмек болған әйелді құтқарды.
Оқиға 2025 жылдың 16 наурызында сағат 13:30 шамасында Алматының көппәтерлі үйлерінің бірінде болған. Аманғали оқиға орнына кездейсоқ тап болған, жоғарыға қарап тұрған адамдарды көріп, не болып жатқанын білмекші болған. Бұл уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, әйелді тағдырлы қадамнан бас тартуға көндіруге тырысып жатқан еді.
Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшісі әділет капитаны Әбілмәжінов пен ІІМ Ұлттық ұланының офицері капитан Аманғали Еменов осы оқиғаның куәгерлері болды.
Офицерлер уақыт жоғалтпай, жоғарғы қабаттан арқан арқылы төменге түсіп, көрші терезеден пәтер ішіне кіреді. Бірден қонақ бөлмеге өтіп, асқан сақтықпен секіргелі тұрған әйелді артқа қауіпсіз жерге сүйреп шығарады. Әскери қызметшілердің кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.
Оқиға орнына келген дәрігерлер әйелге қажетті көмек көрсетті, ал құзыретті органдар қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауда.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі