
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшілері автокөлігі Қостанай-Арқалық тас жолының шетіне шыққан жүргізушіге көмек көрсетті.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Арқалық қаласына бет алған әскери қызметшілер қарда тұрып қалған көлікті байқаған. Жол жиегіне тоқтап, дереу көмек көрсетуге кірісті. Жедел іс-қимылдың арқасында әскери қызметшілер көлікті қар үйіндісінен шығарып алды.
— Қатты тұман болғандықтан, мен рөлді игере алмай жол шетіне шығып кеттім. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірден көмекке келді және менің көлігімді басқа көлік жүргізушісімен бірге шығарды. Мен оларға алғыс білдіремін", — деді жүргізуші Ержан Оспанов.
Осыдан кейін әскери қызметшілер Арқалыққа барып, өз жолын және қызметтік міндеттерін орындауды жалғастырды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі