
Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері иісшіл иттің көмегімен нашақор мен суық қарумен жүрген ер адамды ұстады.
Оқиға үстіміздегі жылдың 14 тамыз күні кешкісін болған. Сағат тілі 18.45 шамасында құрамында кіші сержант Қажымұқан Мұңайтпашев, қатардағы жауынгерлер Қайрат Сүйеншиев, Бекзат Жұбанышпаев және кинолог, кіші сержант Ерғали Ернар бар топ Жамбыл көшесінде жүрген күдікті адамдарды байқайды.
Әскери тәртіп сақшыларды көрген олардың бірі белгісіз затты лақтырып жібереді. «Ремми» есімді иісшіл иттің көмегімен сол маңды қараған жауынгерлер қолдан жасалған пышақты тауып алды.
Суық қару Орал қаласының 49 жастағы тұрғынына тиесілі болып шықты.
Сол күні сағат 21.00 шамасында Балашов көшесі бойындағы гараждар жанында ер адам жауынгерлерді көріп, белгісіз затты бұталардың арасына лақтырады. Санаулы минуттар ішінде тағы да «Реммидің» көмегімен қағазға оралған марихуана табылды.
Екі құқық бұзушы да одан әрі тексеру үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қырағылығы мен кәсіби іс-қимылдары үшін аталған топ 5517-әскери бөлім командирімен тарапынан марапатталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда терекке жүректің суретін ойып салған жігітке айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.
«Батыс» өңірліқ қолбасшылығының баспасөз қызметі, Орал