Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шараға әскер басшылығы, ардагерлері, Бас қолбасшылық офицерлері мен әскери қызметшілері қатысты. Сонысен қатар, өзара ықпалдастық жасайтын органдардың өкілдері шақырылды.
— Республика күнінің негізі — 1995 жылғы 25 қазанда Жоғарғы кеңестің Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдауынан бастау алады. Қазақстанның алғаш рет өз дүниетанымы, жеке салт-дәстүрі, сондай-ақ болашағы туралы көзқарасы бар дербес мемлекет ретінде әлемге жариялауында бұл Декларация ерекше рөл атқарады. Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту — өз бастауларымыздың сабақтастығын, тарихымызды құрметтеудің және тәуелсіздік жолындағы халқымыздың ерік-жігерінің символы,- деді Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтау сөзінде.
Бұдан әрі Ұлттық ұланның қырағы қызметімен және қайсарлығымен ерекше әскери қызметшілеріне салтанатты жағдайда Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан ведомстволық наградалар табыс етілді.
"Ұлттық ұлан қызметінің үздігі" төсбелгісімен марапатталғандардың арасында 3477 әскери бөлім командирінің орынбасары — штаб бастығы подполковник Денис Шемет, 6699 әскери бөлімі 3 атқыштар ротасының аға сарбазы ефрейтор Жанасбек Пермабек және 6697 әскери бөлімі әскери полиция бөлімшесінің аға офицері лейтенант Әлімжан Рүстемов те бар. Есімі аталған ұландықтар Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болды.
— Оқыс оқиға орын алған сәтте, ойымде тек екі адамның өмірін сақтап қалу мақсаты ғана болды. Командир ретінде мен әлбетте өзіме сеніп тапсырылған әр сарбаз үшін жауаптымын. Сондықтан, шұғыл шешім қабылдап, жедел әрекет ету керек болды. Менің іс-әрекетімді мемлекетіміздің осылай жоғары бағалағанына қуаныштымын, - дейді сарбазын граната жарылысынан аман сақтап қалған подполковник Денис Шемет.
Республика күніне орай қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен 200-ден астам әскери қызметші грамоталармен, төсбелгілермен және атақтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шара Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі