Шымкентте ұландықтар 4 жасар баланы тауып, ата-анасына қайтарды

Шымкентте ұландықтар 4 жасар баланы тауып,  ата-анасына қайтарды

Шымкентте Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жоғалған баланы ізін суытпай тауып алды. Қоғамдық тәртіпті күзету кезінде ұландықтарға белгісіз азаматша келіп, 4 жасар Бағдәулет есімді ұлының жоғалып кеткенін, біраздан бері іздеп таба алмай жатқанын айтып көмек сұрайды.

Әскери жасақтар кезекшісі капитан Аманжол Спатаев қарамағындағы патрульдер Данияр Өсербаевпен анасы берген мәліметтер бойынша жоғалған бала туралы ақпаратты басқа бағыттағы әскери жасақтарға да таратып, іздеу жұмыстарына кіріседі. Бағдәулетті іздеуге «Нұрсат» шағынауданында қызмет атқарып жүрген бес әскери жасақ жұмылдырылды.

Іздеу барысында жақын аулалар, гүлзарлар, жертөлелер түгел тексерілді. Арада 40 минут уақыт өткенде, яғни сағат 22.20 кезінде «Мадлен» дәмханасына жақын аулалардың бірінен хабарламада айтылған белгілері ұқсас бала жүргені туралы ақпарат келді.

Жауынгерлер балаға жақындап, аты-жөнін сұрастырғанда оның есімі Бағдәулет екенін және ойнап жүріп, адасып қалғанын білді. Әскери жасақтар кезекшісі сәбиді үйіне жеткізуді ұйымдастырып, анасына аман-сау табыстады.

- Ұлымның жоғалғанын білгенде шарасыздықтан көңілім аласапыран боп, не істерімді білмедім. Мұндайда ойға неше түрлі нәрсе келеді ғой. Ең бастысы аман болса екен дей бердім. Мына Ұлттық ұланның сарбаздарына алғысым шексіз. Өте шапшаң әрі ұйымшыл екен өздері. Бағдәулетімді тауып берген осы жігіттерге бар жақсылықты тілеймін, - дейді Альмира Тұнбаева.

Альмира ханым 6506 әскери бөлімінің басшылығына алғыс хат жолдап, шұғыл көмек көрсетукен әскери жасаққа ризашылығын білдірді.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде қырағылық пен кәсіби шеберлік танытқан әскери жасақ бөлім командирінің бұйрығымен марапатталды.

 

«Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі