Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған екі баланы тапты

Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған екі баланы тапты

Оқиға 30-шілде күні кешкі уақытта болған. Есіл өзенінің жағалауында қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары ересек адамдарсыз жүрген екі баланы байқайды. Олардың сырт келбеті бұған дейін елордалық Жедел басқару орталығы таратқан хабарламада айтылған жоғалған балалардың белгілеріне ұқсайды екен.

Қатардағы жауынгерлер Юрий Шматко, Ернат Жәкетай және Шерхан Жаңғырбай бұл туралы дереу патрульдік топ бастығына баяндайды. Ол өз кезегінде Жедел басқару орталығына хабар береді.

Көп ұзамай балалардың ата-анасы айтылған мекен-жайға келіп, қызметтеріне адал әрі жауапты ұландықтар мен олар қызмет ететін 5573 әскери бөлімінің басшылығына алғыс білдірді.

Атап өтелік, жыл басынан бері елордалық ұландар осымен 18 рет жоғалған баланы тауып, ата-анасына қайтарып отыр.

 

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі