Антына адал жан

Антына адал жан

Елімізде індет басталғалы дәрігерлер мен медбикелер аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа індетпен, қауіпті дертпен күрестегі күрделі қызметтің ауыртпалығы төл әскеріміздің медицина мамандарына да түсіп отыр.

Осынау қиын-қыстау сәтте осы саладағы әріптестеріміз өз қаруластарының және әскердің негізгі құрамы – жауынгерлердің жанын аталған вирустан қорғап келеді. Мың жерден бұл олардың берген сертіне сәйкес міндеті десек те, ақ халаттылардың қауіпті жұқтыру қаупі жоғары екенін ескерсек, бұл нағыз жанкештілік қызмет дер едік. Осы бағытта талмай еңбектеніп жатқан маманның бірі кіші сержанты Нұрсұлтан Ноғаев. Ол Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімі 3 жедел мақсаттағы ротасында санитарлық нұсқаушы болып қызмет етуде.

Нұрсұлтан 1991жылы Қызылорда обласына қарасты Арал ауданында  дүниеге келген. Арал елдімекендегі орта мектепті үздік бітіріп, қызыл куәлікке ие болған ол Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжіне құжат тапсырып, «Емдеу ісі» факультетінің студенті атанады. 2010 жылы аталған оқу орнын сәтті аяқтап, маман атанады.

Дегенмен шипагерлік ісін бастамас бұрын, «Мен ең бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматымын. Демек, азамат ретінде Отан алдындағы борышымды өтеу – негізгі міндетім» деп, өз қалауымен әскерге аттанды. Қысқа мерзімдік әскери қызметін Отар қаласындағы 30212 әскери бөлімде абыроймен атқарып, елге оралады. Енді оның өз сүйікті ісіне кірісуге толық құқығы бар.

2011 жылдың қараша айында Қызылорда қаласындағы  «Айдан мұнай» компаниясына фельдшер болып жұмысқа орналасады. Жас маман болып келген дәрігерді мұндағы ұжым жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмектерін аямады.

Жастың аты жас емес пе, асқан ыждаһаттылықпен, ынтамен ол да барынша өзін жақсы қырынан көрсетіп бағады. Еткен еңбегі еленіп, қызмет жылдарында қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы әкімшілігі, қалалық денсаулық сақтау бөлімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті тарапынан алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.

Алайда, сонау бала кезінен дәрігер болуды армандаған Нұрсұлтан мамандығын енді әскери өмірмен ұштастырып, өзін әскери медицинада сынағысы келеді. 2012 жылы Ұлттық ұланның Жем қаласындағы  6655 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша бекет бастығы, яғни сақшы  болып әскери қызмет жолын бастайды.

Ал 2014 жылы Жаңаөзендегі 5548 әскери бөлімінің 3 жедел мақсаттағы ротасының санитарлық нұсқаушысы лауазымында бүгінгі дейін қызметін мінсіз атқарып келеді.

Нұрсұлтан ұжымға жаңадан келгенде бағыт-бағдар беріп, ерекше ықылас танытқан сол кездегі медициналық пунктінің бастығы аға лейтенант Құдайберген Бекмырзаевқа, бар білгенін үйретіп, әрдайым оның білікті дәрігер ретінде қалыптасуына көмек көрсетіп жүрген бөлімнің медициналық қызметінің қазіргі бастығы медицина қызметінің аға лейтенанты Жеңіс Нарымбетовке деген алғысы шексіз. Осы әскери дәрігерлердің арқасында өз саласының қыр-сырын меңгеріп, кәсіби тұрғыда жетілгенін үлкен ризашылықпен айтуда.

Оңтүстік өңірде туып-өсіп, шалғайдағы батыста қызмет етіп жатқан  Нұрсұлтан Тастемірұлы үшін Жаңаөзен шаһары туған өлкесіндей болып кеткен. Оған осы қаланың көше тазалығы, түзу ниетті тұрғындары мен тілеулес әріптестері ұнайды екен. Бұл жөнінде өзінен сұрағанымызда:

— Маған Жанаөзен қаласы бірден ұнады, себебі ауа райы біздің Сыр елінің ауасына ұқсайды екен. Осында келіп, мамандығым бойынша әскери дәрігер қызметін атқарып жатқаныма қуаныштымын. Дәрігер ретінде алдыма келген әскери қызметшіге әрдайым жылы қабақ танытып, олардың жанына батқан дертті сезінемін. Ақ халаттыдан көмек сұраған әр жанның орнына өзімді қойып, оның көмекке қаншалықты зәру екенін түсінемін. Осылайша мейірім танытып, қолымнан келген ем-домды жасап, аурудан тез арада айығуына қолдан келшенше көмегімді аямаймын. Әскери бөлім ұжымында өте сауатты, ақкөңіл жандар жетерлік. Олармен ешқашан дауыс көтеріп немесе өркөкіректеніп сөйлескен емеспін. Әрдайым сыпайылық танытамын. Дәрігерлерді көпшілік ақ халатты абзал жандар деп сыйлап жатады. Сондықтан осы сыйластыққа біз әбден лайықты болуымыз керек, - дейді ол.

Міне, осындай ұстаныммен қызмет ететін кіші сержант Нұрсұлтан Ноғаевқа келген сарбаздар да өте риза. Оған әрдайым алғыс білдіріп жатады.

Жас маманның бүгінде жағдайы жақсы, сүйікті жұмысы бар. Жылдар өте тәжірибе жинақтап, білікті әскери маман атанған Нұрсұлтан жұбайы Мейрамгүлмен Әмина және Әдия есімді айдай сұлу қыздарына тәлімді тәрбие беріп отыр. Үлкендері Әмина биыл 1-сыныпқа барады. Ал Әдияға жеті айға толып қалды.

Міне, жеке құрамның жанына демеу болып, Гиппократқа берген антына кір келтірмей, ақ халатты абзал жан атына лайық аянбай еңбек етіп жүрген кіші сержанты Ноғаев секілді нағыз әскери дәрігерлерді біз де көпке үлгі етуді жөн көрдік.

"Қалқан" газеты