
Ұлттық ұланның елордалық бригадасының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде қасында ересектер ешкім жоқ, жалғыз жүрген балақайды анасына табыстады.
Оқиға 24 тамыз күні кешкі сағат 19.15 шамасында болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Әділет Смайыл патрульші сарбаздар Нұрлыхан Асанбай және Самандар Ералиевпен бірге Астпнаның "Есіл" ауданындағы Сулы-жасыл гүлзар маңында қызмет атқарып жүрген кезде, рация бойынша бала жоғалғаны туралы шұғыл хабарлама түскен.
— Жоғалған бала жайлы белгілерді білген соң, біз дереу оны іздей бастадық. 20 минуттық белсенді іздеуден кейін хабарламадағы белгілерге сәйкес келетін және ересектердің сүйемелдеуінсіз жалғыз жүрген баланы байқадық. Содан бірден байланысқа шығып, баланы анасына тапсырдық, - дейді әскери жасақ бастығы Әділет Смайыл.
Балақайдың анасы өз кезегінде ұландықтарға кәсіби көмегі үшін үлкен алғысын білдірді.
Бұл жағдай Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындайтын қырағылық пен жеделдіктің маңыздылығын көрсетті.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі