
«Орталық» өңірлік қолбасшылығында өтіп жатқан Ұлттық ұлан тәрбиешілері жиынының екінші күні қатысушылардың физикалық қабілеттерін тексеруден басталды. Офицерлер 100 метрге жүгіруден сынға түсті. Ал сабақтар 5451 әскери бөлімінде жалғасты. Бұл күні тәлімгерлер дәріс өткізу барысында пікір алмасу мен диолог құруға көп көңіл бөлді.
Аталған әскери бөлімге жиналған әскери қызметшілерге жеке тәрбие жұмысының электронды күнделігін (ИВР) пайдалану бойынша дәріс оқылды. Сондай-ақ олар күнделікті қызмет атқару барысында кездесетін мәселелер мен қиындықтар турасында талқылау жүргізді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің білім деңгейі мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекеті сөз болды. Әр мәселенің шығу себебі қаралып, оны шешу жолдары ұсынылды. Әр дәріс сайын әскерилер өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
-Кешелі бері біздер тәжірибелік сабақтарға қатысып жатырмыз. Дәрістер өскелең ұрпақты және әскер қатарында жүрген сарбаздарды патриоттыққа баулып жүрген тәрбиеші офицерлердің біліктілігін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер мен әскери қызметшілердің тәрбиесіне қатысты заңнамалардағы жаңашылдықтар түсіндіріліп жатыр. Бұдан бөлек, әртүрлі әскери бөлімдерден жиналған мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасуда. Жас жауынгерлерді тәрбиелеу барысында қолданылатын жаңа әдістемелер мен тың тәсілдер де үйретіледі, - деді 5573 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Тимур Рахимов.
Түскі үзілістен соң ұландық әскерилер Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының КарЛАГ музейіне экскурсия жасады. Олар тарихи деректермен және жәдігерлермен танысты. Одан кейін 6505 әскери бөлімінің 2 атқыштар батальонына ат басын тіреді. Мұндағы рота командирлері өз тәжірибелері бойынша жауынгерлік қызметке кірісер алдында және оны орындау кезеңінде жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу барысын көрсетті. Көрнекі сабаққа қатысқан офицерлер өз пікірлерін де айтты.
-Көрнекі сабақта қарауыл қызметіне жауынгерлерді аттандырмас бұрын ұйымдастырылатын тәрбиелік жұмыстар көрсетілді. Көргенімізді өзімізде жүргізілетін жұмыс сапасымен салыстырдық. Мұндай сабақтар арқылы біз жұмыс барысындағы кемшіліктеріміз бен артықшылықтарға көз жеткізе аламыз. Оқу-әдістемелік жиынының бізге берер бір пайдасы да — осы, - деді 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бауыржан Қансейітов
Пікір алмасу форматында ұйымдастырылған сабақтар Долинка кентінде орналасқан батальонның жауынгерлік қызметтегі үздік әскери қызметшілерін ұлықтау кешімен аяқталды. Екі күн бойы үздіксіз сабаққа қатысқан әскери қызметшілер сарбаздармен бірген әсем ән мен көркем биге елітіп, рухани демалып қалды. Алайда бұл іс-шара жиын қатысушыларына демалыс сыйлау үшін ғана ұсынылған жоқ. Мұның басты себебін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының басшысы полковник Нұрбай Бектұрсынов түсіндірді.
-Батальонның жеке құрамына Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасышысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов пен әскеріміздің бас тәрбиешісі генерал-майор Қайрат Үмбетовтың атынан алғыс айтамын. Бүгінде құқықтық тәртіп әскеріне жауынгерлік қызметті асқан жауапкершілікпен атқару міндеті жүктелген. Ал жауынгерлік қызметтің алғы шебінде сарбаздар мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілер жүр. Сіздер - Ұлттық ұланның абыройысыздар. Сондықтан да бүгінгі ұлықтау шарасында жауынгерлік қызметті адал атқарып жүрген үздіктер марапатталды. Ал әдістемелік жиынға қатысушылар осындай бағдарламаларды өткізу барысын бір-бірінен үйренгендері абзал, - деді полковник Нұрбай Бектұрсынов.
Іc-шара аяқталғанымен жиынға қатысушылар залдан шығуға асықпады. Олар ұлықтау кешін өткізу барысын өзара талқылап, сын-ескертпелерін және өздеріне ұнаған тұстарын тілге тиек етті.
Айта кетейік, ертең Қарағанды қаласында өткізіліп жатқан тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны қорытындыланады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі