Ұлттық ұлан тәрбиешілерінің оқу-әдістемелік жиыны басталды

Ұлттық ұлан тәрбиешілерінің оқу-әдістемелік жиыны басталды

2024 жылғы 5 тамыз күні Қарағанды қаласында Ұлттық ұлан тәрбиешілерінің оқу-әдістемелік жиыны басталды. Іс-шара Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтың жетекшілігімен өтіп жатыр.

Оған әскери бөлім командирлерінің тәрбие және әлеуметтік- құқықтық  мәселелер бойынша қызмет атқаратын орынбасарлары, Ұлттық ұлан академиясының басшылық құрамы, «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасақ қызметшілері шақырылған. Әр әскери бөлімнен келген тәрбиешілерді өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары бастап келді.

Оқу-әдістемелік жиынға өңірлерден барлығы 50-ге жуық офицер келген. Олар алдағы үш күн бойы өз шеберліктерін шыңдайды.

— Бүгінгі ісi-шараның мақсаты – тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған. Жиында қызмет барысындағы жаңашылдыққа баса мән беріледі. Сонымен қатар өзге де құрылымдардағы әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалып отыр. Елуге жуық қатысушы қазіргі уақытта әскеріміздегі әскери қызметшілер мен сарбаздардың тәрбие ісіне қатысты мәселелер мен жасампаз істер жайын талқылауға жиналды. Бұл тек жауынгерлерді ғана емес, жас ұрпақты да қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарға жақын өсірудің жолдарын қарастыру үшін ұйымдастырылған шара деуге болады. Ең бастысы мұнда кейбір маңызды оқиғалар мен күрделі мәселелердің шешімі табылады, - деді 6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие  жөніндегі орынбасары подполковник Төрехан Төлебиұлы.

Жиынның алғашқы күні «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде өтті.  Ұлттық ұланның  бас тәрбиешісі Кайрат Үмбетов  кеңейтілген отырыста ІІМ орынбасары- Ұлттық ұлан  Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың  тәртіп пен тәрбие  жұмысына қатысты  қойылған  талаптары мен тапсырмаларын  жеткізді. Сондай-ақ  жиын барысында Бас қолбасшылықтың Тәрбие және әлеуметтіқ -құқықтық  жұмыстар Бас басқармасының басшысы полковник Нұрбай Бектұрсынов құқықтық тәртіп әскеріндегі жалпы тәрбие жайын баяндады. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардағы және әскери бөлімдердегі жұмыстарды жақсарту жөніндегі міндеттерді атады.

Осыдан кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев жас офицерлерді жұмысқа қабылдау және бейімдеу кезеңіндегі тәрбиешілер тәжірибесі жайлы сөз қозғады. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салихбаев офицерлер және келісім шарт бойынша әскери қызметшілер арасындағы қылмыстардың алдын алу және ескерту жөніндегі жұмыстар бойынша тәжірибесін ортаға салды. Бұдан бөлек психолог аға лейтенант Камила Жакупова сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйімен жұмыс жүргізу тәсілдерін айтты. Ал психотерапевт Батыржан Құндақбаев лудоманиядан сақтану жолдарын түсіндірді.

Айта кетейік, жиынның алғашқы күні қатысушылар басшылық құжаттарды меңгеру бойынша сынақ тапсырды. Ал тәрбиешілер жиыны 7 тамызға дейін жалғаспақ.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі