
Нұр-Сұлтанда 20 шілде күні сағат 18.10 кезінде Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері Халыккерей Жұмағалиев, Абай Белоусов және Әлішер Харисов тас жолда сүрініп, құлап қалған азаматшаға алғашқы көмек көрсетті.
Жапа шегуші құлаған кезде қолын қатты жарақаттап алған екен. Әскери жасақ сарбаздары жараны бірден залалсыздандырады. «Оңбай құладым. Сарбаздардың көмегінсіз тұра алмас едім. Жарамды да жақсылап таңып берді», - дейді астаналық құрама басшылығы мен жауынгерлеріне алғысын білдірген азаматша.
Сондай-ақ, осы күні сағат 15.30 шамасында «Жерұйық» саябағында қызмет атқарып жүрген тағы бір жасақ әмиян тауып алады.
Әскери жасақ бастығы кіші сержант Ерлан Құлдасов және патрульдер қатардағы Иван Волченков пен Руслан Райымқұлов әмиян ішіндегі құжаттардың көмегімен иесінің нөмірін анықтайды. Чекте көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, өздерінің тұрған орындарын хабарлайды. Әмиян 1966 жылы туған қала тұрғынына тиесілі екен. Жеке куәлігі мен банк карточкалары, басқа да құжаттары мен есептесу чектері бар әмиянын қайтарып берген ұландықтарға бұл азаматша да шексіз алғысын білдірді.
Пандемия толқынына байланысты республика бойынша күн сайын 5 мыңға жуық Ұлттық ұлан жауынгері ел көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Бекітілген шектеу шараларына қарамастан, ұландық сарбаздар ұрлық, құқық бұзушылық жасағандарды құрықтап, жоғалған балаларды тауып, жақындарына, жоғалған заттарды тауып, заңды иелеріне табыстауда.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі