
Қасында ата-анасы жоқ, жылап жүрген балақайды Ұлттық ұлан жауынгерлері Есіл өзенінің жағалауынан тауып алған.
17 шілде күні сағат кешкі 21.15 шамасында Сарыарқа ауданы Есіл өзені жағажайындағы жағдайды бақылап жүрген 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жылап жүрген баланы көреді.
Патрульдік топ бастығы кіші сержант Рахымберді Қаматаев пен патрульдеуші қатардағы Қанафия Саяқов баланың қасына жақындап, есімі Ғазиз екенін және оның адасып қалғанын сұрастырып біледі.
Ұландықтар байланыс құралы арқылы дереу мән-жайды әскери жасақтар кезекшісі капитан Жеңісхан Чонықпайға баяндайды. Ол өз кезегінде бұл ақпаратты басқа бағыттағы көрші жасақтарға таратады.
Арада 30 минут уақыт өткенде жоғалған баланың әпкесі табылды. Ол дер кезінде жедел көмек көрсеткен әскерилерге, сондай-ақ астаналық жедел құрама басшылығына жазбаша және ауызша алғысын білдірді.
ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметі