
15 маусым сағат 19:50-де ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, атап айтқанда әскери жасақ бастығы қатардағы Әлішер Махмет пен патрульдеуші қатардағы жауынгерлер Арсен Қази және Ринат Досщанов қызмет атқару кезінде көмек сұрап айқайлаған дауыстарды естіді.
Белгілі болғандай, Ақбұлақ өзенінің жағасында жүрген қалалық №63 мектептің 10 сынып оқушысы өзеннің бергі бетінен арғы бетке дейін жүзіп өтпек болған. Салдарынан оқушы судан өз бетінше шыға алмай қалды.
Осы уақытта әскери бөлімнің сарбазы қатардағы жауынгер Әлішер Махмет жағдайды жедел бағамдап, көмектесу үшін бірден суға түскен. Нәтижесінде 2008 жылы туған баланы судан алып шықты.
- Су ортасында қалған және көмекке шақырған жігітті көріп, біз оған дереу жеттік. Өте маңызды шешім қабылдадым. Жолда шешініп, суға батып бара жатқан жасөспірімді жағаға шығару үшін суға секірдім. Кейін өтіп бара жатқан адамдар шақырған жедел жәрдем қызметкерлері келді, - деді мектеп оқушысын құтқарып қалған жауынгер Әлішер Махмет.
Осылайша, құқықтық тәртіп сақшыларының үйлесімді әрекеттерінің арқасында адам өмірі тағы да құтқарылды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі