Ұландықтар рәміздер күнін атап өтті

Ұландықтар рәміздер күнін атап өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шара әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындауынан басталды.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Нұрбай Бектұрсынов мерекелік іс-шараны өткізуге жеке құрамның дайын екенін баяндаған соң, офицерлер мен әскери қызметшілерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан оның орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтады.

- 1992 жылғы 4 маусымда «Мемлекеттік рәміздерді бекіту туралы» Заңға қол қойылды. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын Мемлекеттік рәміздеріміз – ұлттық мақтанышымыз.

Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті міндеті, ол елді, жерді, халықты, тарихты, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қастерлеу.

Біздің егемен еліміз, жаңа Қазақстан әрқашан дамып, өркендей берсін, мемлекеттік рәміздер тек қана көкте шарықтасын! - деп атап өтті Бауыржан Садықұлы.

Мемлекеттік рәміздер патриотизмді оятады және ұлттың мақтанышы болып табылады. Бүгінде біздің егеменді еліміз басқа мемлекеттерге тең зайырлы ел ретінде танылды. Ел Президентінің сапарлары барысында және түрлі әлемдік жарыс тұғырларында біздің мемлекеттік ту әрқашан желбірейді.

Айта кету керек, бұл күні Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шаралар өткізіледі. Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі