
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде Ұлттық ұлан факультетінің базасында "Ұрпақтар диалогы: кемелдік пен кәсібилікке жол" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға отставкадағы генерал-лейтенант Болат Жанасаев, ҚР Ұлттық ұланы ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы генерал – майор Қалиақпар Тоқышев, сондай-ақ отставкадағы полковниктер Григорий Григорьянц, Мұрат Қарағойшиев, Мұрат Жантеміров және Қуаныш Қожахметов қатысты.
Құрметті қонақтарғв Ұлттық қорғаныс университетінің құрылу тарихы туралы бейнеролик көрсетілді. Содан кейін қонақтарға Ғылыми-зерттеу технологиялық паркі көрсетілді, онда олар робототехника зертханасымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарын ойлап табудағы және жасаудағы жетістіктермен, сондай-ақ перспективалы геоақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ ардагерлерге тыңдаушылармен сабақ өткізетін аудиториялар мен сыныптар, факультет ғалымдарының ғылыми еңбектері мен әдістемелік әзірлемелері көрсетілді.
Іс-шараның ұйымдастырушысы және модераторы ҚР Ұлттық ұланы факультетінің бастығы полковник Савердин Имиров өзінің кіріспе сөзінде, Ұлттық ұланды сапалы және сандық тұрғыда нығайтудың маңызды бағыттарының бірі —заманауи талаптарға жауап беретін жоғары білікті кадрларды даярлау болып табылатынын атап өтті. Ол ҰҚУ-дегі Ұлттық ұлан факультеті құқықтық тәртіп әскерлерінің жедел-тактикалық басқару буынына әскери кадрлар даярлаудың негізгі құрамдас бөлігі екенін тілге тиек етті. Мәселен, 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлттық ұлан факультеті әскердің тактикалық, жедел және жедел-стратегиялық деңгейлерінде қызмет өткеретін 180-нен астам жедел-тактикалық деңгейдегі офицер дайындаған. Савердин Карлович ардагерлерге сөз бере отырып, олардың әскердің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін, әскери-патриоттық бағыттағы жемісті жұмысын атап өтті. Алғашқы болып Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің құрылу бастауында тұрған сардарлардың бірі — генерал-лейтенант Болат Жанасаев сөз сөйледі. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған жылдары “Ішкі әскерлер туралы" Заң қабылдауды қолдаушылардың бірі болды.
— Сіздердің өмірбаяндарыңыз бен қызмет жолдарыңыз офицерлердің жас буыны үшін лайықты үлгі болып табылады. Сіздер бүгінгі күні өздеріне жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді кәсіби және шебер орындап жүрген көптеген офицерлерді тәрбиелеп, оқыттыңыздар. Қазіргі ұрпақ эстафетаны аға буыннан қабылдап, Ұлттық ұлан әскерлерінің даңқты жауынгерлік дәстүрлерін өздерінің жауынгерлік еңбектерімен жалғастыруда, - деді факультет бастығы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы генерал-лейтенант Болат Жанасаевқа сөз беру сәтінде.
Болат Бақытжанұлын тірі тарих деуге болады, себебі ол тыңдаушыларға өзінің офицер ретінде қалай қалыптасқанын, әскердің құрылу тарихын және Тәуелсіздіктің сол бір тағдырлы жылдарында Мемлекет басшысы қойған аса маңызды міндеттердің қалай шешілгенін мүдірместен айтып берді. Сонымен қатар, әскердегі қызметтік іссапарлары кезінде кіммен және қашан кездескенін, күні мен жылын, сол кездегі офицерлер мен генералдардың, тіпті сержанттарға дейін, аты-жөндерін қателеспей айтып шықты. Генерал-лейтенант Болат Жанасаев әскердің болашақ элитасына офицерлердің қиындықтардан қорықпау керектігін, әрқашан өз қарамағындағылардың қажеттіліктері мен сұраныстарын өздерінен жоғары қоюы қажеттігін, қолбасшылықтың жоғары сенімін ақтап, халқына пайда әкелуге дайын болу керек екенін өсиет етті.
Сондай-ақ Болат Бақытжанұлы осы кездесуден ескерткіш болсын деген ниетпен, факультет бастығы полковник Савердин Имировқа "Мен таңдаған жол" атты авторлық кітабын табыс етті.
Іс-шарада отставкадағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев пен басқа да ардагерлер факультет түлектеріне деген ақжолтай тілектерін білдірді.
Жалпы, екі буын кездесуі жайлы да жылы атмосферада өтті – ардагерлер Кеңес заманындағы және Қазақстанның қалыптасу кезеңі, яғни 90-шы жылдардағы қызметтің естеліктерімен және баға жетпес тәжірибелерімен бөлісті. Факультет тыңдаушылары – болашақ полк және құрама командирлері, болашақ қолбасшылар мен генералдарға келелі кеңестер берілді. Магистранттар өз кезегінде Ішкі әскердің бұрынғы қолбасшысы генерал Жанасаевпен бұған дейінгі кезеңдерде – курсант болған жылдары және қызметтік-жауынгерлік қызмет жылдарында – взвод және рота командирлері лауазымдарында болған кездердегі жеке жүздесулері мен таныстықтары туралы әңгімеледі. Сол жүздесулердің барлығы тағдыршешті болды деуге болады, жас офицерлердің көпшілігі кейінірек жеке және кәсіби қасиеттері үшін жоғары әскери атақтар мен басшылық лауазымдарға көтерілсе керек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық ұлан факультетін тәмамдаған екі офицер — Бас қолбасшылықтың бас басқарма бастығы, бесеуі — бас басқарма бастықтарының орынбасары, он үш түлек — бөлім бастығы лауазымдарында қызмет өткеруде. 17 офицер — өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдер бөлінісінде – басқармалар мен бөлімдерді басқарады, 5 офицер — құрамалар командирі, 10 лфицер — құрама командирлерінің орынбасарлары, ал полк командирі лауазымында – 65, полк командирінің орынбасары лауазымында - 37 офицер қызмет етіп жатыр.
2014 жылдан бастап Ұлттық ұлан факультетінде біліктілікті арттыру курстары жүргізілуде, аталмыш курстан 370-тен астам Ұлттық ұлан офицері мен ішкі істер органдарының қызметкері өткен. Ұлттық ұлан факультетінің ғылыми әлеуеті 7 философия докторы (PhD), 14 магистр және Ресей Федерациясының аспирантурасында оқитын бір офицерден тұрады.
Кездесу ардагерлерге естелік сыйлықтар табыстаумен және естелік суретке түсумен аяқталды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі