Адам өмірінде сан түрлі белестер кездеседі. Қиындықты еңсере білгендер ғана белесті бағындырып, жеңістің тұғырына шыға алады. Ұлттық ұлан Әскери институтында да бірқатар курсанттар жас лейтенант атанып, жаңа бір асудан өтті. Олар үшін Әскери институтта соңғы мәрте кешкі тексеріс өткізіліп, Ту көтерілді.
2020 жылдың жиырмасыншы маусымында түлектер қанат қақты. Керемет сәйкестік! Оған қоса еліміз үшін де бұл жыл мерейтойларға толы жыл емес пе?!
Ағымдағы жылда білім ордасының тарихында үздіктер де табылды. Одан бөлек, үрдіске сай институт ауласында шырша ағашы отырғызылды.
Шырша – жылуды жақсы көретін және көлеңкеге төзімді мәңгі жасыл өсімдік. Тамырлардың қуатты өзектер жүйесі топырақтың терең қабаттарына түседі. Жас ағашта қабығы тегіс және жұқа болады, жылдар өте келе ол жарылып, қалыңдайды. «Бір жерде 300 жыл ішінде шырша өсіруге болады» деген деректер бар.
Тәрбие мен білім беріп қанаттандырған білім ордасының жиырмасыншы шығарылымына орай Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына және Әскери институт басшылығына арналған аллеяға ағаш отырғызуды алғашқы болып Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов бастаса, Әскери институттың бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов қостады.
– Ағаш отырғызу ер жігіттің рухани парыздарының маңыздысы, тәрбиелік мәні жағынан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағытта ой салатын ізгі бастамалардың бірі, – деді өз сөзінде Альберт Полатұлы.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, бір жағынан естелік болса, екінші жағынан пайдалы іс. Олай дейтініміздің себебі мына бір мысалда жатқандай.
Бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін отырғызып жатқанын көріп: «Уа, қария, сен енді қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре алмасың белгілі, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың?», – дейді еңбектеніп жатқан қарияның жанына келген жас жігіт. Сонда қария: «Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін», – деп жауап беріпті.
Бұл жауап жас жігітке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт: «Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің жемісін міне мен де көрдім», – депті.
Әрбір қолға алған істің нәтижесі болады. Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені екен. Табиғатты аялап сүю, жаратылыстың кереметтеріне тамсана, ғибрат алу жүрекке нұр болып құйылады. Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегендей, кішкене ғұмырымызда елге, жерге пайдамызды тигізіп қалуымыз керек. Ең қайырлы істердің бірі де ағаш отырғызу екен.
Жас түлектердің төрт жыл бойы оқып үйренген білімдерін, жинаған тәжірибелерін қызмет барысында көрсететін уақыт жеткендей. Соңғы мәрте курсанттық қалыппен сап түзеген 200-ден аса жас түлек оқу ошағындағы сәттерін еске алып тұрғандай болды. Үздік атанған курсанттардың бірі Арнат Сыздықов кешкі тексерістен кейін еліміздің көк байрағын көкте желбіретті. Әскери институт бастығының орынбасары полковник Савердин Имиров сайдың тасындай сап түзеп тұрған курсанттық құрамға алдағы қызметтеріне жауапкершілікпен қарап, институт беделін түсірмеуді тапсырды. Сондай-ақ, қызықты естеліктерімен де бөлісіп, жас әскери қызметшілерге сәт сапар тіледі.
Әскери адам болу оңай емес. Өмір жолын әскери қызметке арнаған жігіттер елдің азаматы болып, еліне қызмет етсін, деп тілейміз!