
Ақтөбеде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Андрей Петров қызды зорлықтан құтқарып қалды. Оқиға 15 маусымға қараған түнгі сағат 03.00 шамасында болған. Андрей өз пәтерінің балконына шыққан кезде көмекке шақырған әйелдің даусын естиді. Аяқ киімін кие сала, сыртқа жүгіріп шыққан ол бұталардың арасында әйелге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ер адамды көреді. Оны бірден шетке итеріп жіберіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілімен жығады да, 102 телефонына қоңырау шалады. Полицейлер келгенге дейін сытылып кетуге тырысқан күдіктіні жібермей ұстап тұрған. «Бұл – ерлік емес. Кез келген адам осылай жасар еді. Көмекке шақырған адамға қол ұшын беру – ер азаматтың борышы», – дейді ефрейтор А. Петров. Ұлттық ұлан жауынгеріне алғысын білдірген жәбірленуші полицияға шағым түсірді. Ұсталған күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қырағылық пен батыл іс-әрекеті үшін 6655 әскери бөлім командирі полковник Мирас Тұрдалин ефрейтор Андрей Петровқа салтанатты түрде мақтау қағазы мен бағалы сыйлық табыс етті. Айта кетейік, Андрей – Жем қаласының түлегі, Ұлттық ұланда 2017 жылдан бері қызмет етеді.