Қазақ күресінен Ұлттық ұлан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Қазақ күресінен Ұлттық ұлан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Өскемен қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жекпе-жек сарайында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының кубогы үшін ұйымдастырылған қазақша күрестен жеке және командалық чемпионат мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні орта салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар арасынан үздіктер анықталды.

Жарыс 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған. Іс-шара қазақша күресті насихаттау, дене шынықтыру мен спортты насихаттау, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен төрешілердің біліктілігін арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр.

Чемпионатқа «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан Академиясының, 6654 және 5573 әскери бөлімдерінің құрама командалары қатысты.

Боз кілемде 6 салмақ дәрежесінде 7 команда және 50-ге жуық балуан өзара мықтылық байқасты. Олардың арасында қазақша күрестен әлем чемпиондары мен спорт шеберлері де бар.

Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте І орынды 5573 әскери бөлімі, ІІ орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы, ІІІ орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрамасы иеленді. Жеңімпаз құрама командаларды ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Сәтжан Әбішев марапаттады.

- Қазақ күресін серік еткен әскери қызметшілер, сіздерге айтарым, әрқашан жеткен жетістіктеріңізбен тоқталып қалмаңыздар. Күн сайын өздеріңізді және рухтарыңызды шыңдаудан жалықпаңыздар. Әрдайым тек қана биікке өрлеңіздер. Мен бүгін тек қана жеңімпаздарды емес, барша қатысушыларды да құттықтағым келеді. Өйткені, бүгінгі бірінішілікте достық жеңді. Барша жеке құрамға және қонақтарға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Отан үшін атқарған қызметтеріңіз елене берсін, - деді жарыстың жабылу салтанатында сөз сөйлеген генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша 66 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшылар арасынан Қылыш Еренқайыпов ІІІ орын иеленсе, ІІ орынға Бауыржан Нарбаев ие болды. І орын Ержан Еренқайыповтың еншісіне бұйырды.

74 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан спортшылар бойынша үштікті Мәди Жеткерген түйіндесе, тұғырдың екінші сатысынан Олжасбек Ілесбеков көрінді. Ал Тілек Тоқтасынұлы бірінші орын иегері атанды.

82 келіде өнер көрсеткен балуандар арасында Жігер Төкен үшінші орын, Мадияр Мақаш екінші орын, Мади Амангелді бірінші орын алды.

90 келі салмақта Азат Қуанов топ жарды. Одан кейінгі орын Бекзат Алтынбаевқа бұйырса, Қадыржан Байсеріков үшінші орынды місе тұтты.

Аса ауыр салмақта күрескен балуандар тартысты бәсекенің көркін кіргізді. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қализа Исламбеков ешкімге дес бермеді. Екінші орынға Рахат Құрманбай тұрақтаса, үшінші орынға Бахтияр Сыдах табан тіреді.

Ал 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Жандос Сейтенов ешкімге дес бермеді. Осы салмақта сынға түскен Еркебұлан Түсіпбеков екінші орын алса, Әлібек Нұрдәулетов үшінші орынға жайғасты.

Жекелей сында жүлдегер атанған спортшыларды КСРО спорт шебері Рымбек Рамазанов, армрестлингтен бірнеше дүркін әлем чемпионы Мұхамедолла Ағзамов, Шығыс Қазақстан облысының қазақ күресі бойынша вице-президенті Дәулет Советжанов, «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамының төрағасы Ерлан Долумадилов, Жауынгерлік самбодан екі дүркін әлем чемпионы Ержан Омарбаев, Қазақстан Қарулы күштерінің подполковнигі, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының орынбасарлары Дәурен Джагипарев пен Атабек Салихбаев, ШҚО Спорт басқармасының бастығы Асқар Можанов,  Ольга Рыпакова атындағы спорт кешені директорының орынбасары Лаура Қазыкешова, Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов бастаған құрметті қонақтар марапаттады.

Сонымен қатар чемпионат барысында Рахат Құрманбай «Жылдам белдескені үшін», Бауыржан Нарбаев «Үздік техника көрсеткені үшін», Айдос Серік  «Жеңіске деген жігері үшін» номинациялары бойынша марапатталды.

Марапаттару барысында ІІМ Ішкі әскерінің тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерін еске алуға арналған қазақ күресінен Ұлттық ұлан чемпионатын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін ШҚО спорт ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамедолла Ағзамов пен Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковаға «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісі табысталды. Осы ретте КСРО спорт шебері Рымбек Рамазанов пен ШҚО қазақ күресі бойынша вице-президенті Дәулет Советжанов «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Сондай-ақ жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалықсан өзге де азаматтарға грамоталар табысталды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі