
Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының қару-жарақ және атыс кафедрасы құқық тәртібі әскерлерінің қару-жарақ көрмесін өткізді.
Көрмеге №21 және 32 орта мектептердің, сондай-ақ №1 гимназияның әскерге шақыруға болатын жасқа дейінгі жастары – 9, 10 және 11 сынып оқушылары шақырылды. Іс-шараның басты мақсаты жоғары сынып оқушыларына әскери-патриоттық тәрбие беру, оларды Қазақстан Ұлттық ұланында бар қарулармен таныстыру болды. Жігіттер мен қыздар қарумен жұмыс істеуде қолданылатын алғашқы дағдыларды үйренді. Бұл ретте оларға Ұлттық ұлан академиясының жоғары курс курсанттары мен резиденция қызметкерлері көмек берді. Оқушылар мен олардың оқытушылары іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде жоғары сынып оқушылары болашақ Отан қорғаушылар ретінде өздерінің туған қаласында орналасқан Ұлттық ұлан Академиясына түсу тәртібімен танысты.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Академиясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1997 жылғы 18 наурызда Петропавл ауыл шаруашылығы техникумының базасында құрылған болатын. 2009 жылға дейін ол жоғары әскери мектеп, содан кейін әскери институт деп аталды. Жақын арада әскери ЖОО-ға Қоғамдық қауіпсіздік университеті мәртебесін беру мәселесі шешілуде.
Академия жыл сайын 220 курсант жинайды, оның ішінде Тәжікстан Республикасының Ұлттық гвардиясына офицерлер даярлайды. Барлығы 27 жыл ішінде академия 4100-ден астам кадр офицерлерін дайындады, 49 түлек ЖОО-ны алтын медальмен бітірді, 283-і үздік диплом алды.
Академияда Ғылыми кеңес, Оқу-әдістемелік, Ғылыми - техникалық кеңестер және Курсанттардың әскери-ғылыми қоғамының кеңесі жұмыс істейді. Білім және ғылым саласында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Әзірбайжанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жүргізілуде. Білім және ғылым саласында 27 меморандумға қол қойылды, оның төртеуі халықаралық деңгейде жасалған.
Қазақстан Ұлттық ұланы Академиясының базасында жыл сайын бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша Түркия, Ресей, Беларусь және Қытай Халық Республикасының әскери жоғары оқу орындарына оқуға жіберу үшін конкурстық іріктеу өткізіледі.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі