Тәуелділік – қазіргі заман қасіреті

Тәуелділік – қазіргі заман қасіреті

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында тәуелділікке бейім адамдарды анықтау үшін психодиагностикалық әдістемені құру және әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қызметі бойынша онлайн-конференция ұйымдастырылды.

Онлайн кездесуге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі инспектор-психологы полиция подполковнигі Айгүл Закирова, Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің инспектор-полиграфологы әділет майоры Шолпан Қабжанова, Sober road орталығының директоры психолог Дана Курганова, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс Бас басқармасының офицерлері қатысты.

Іс-шара барысында Қайрат Жарылқасынұлы қонақтардың аталған тақырыпқа қызығушылық танытқанына және алкоголь, есірткі мен құмар ойындарға тәуелділік мәселелерін бірлесіп шешуге атсалысқаны үшін алғыс айтты.

- Жастар арасында зиянды заттарға тәуелділік мәселелері белең алуда. Көбінесе алкогольге тәуелділік қылмыс жасауға итермелейді, ал есірткіге құмарлық адам тағдырын талқандайды. Біздің басты мақсатымыз – деструктивті мінез-құлықтың алдын алу және болдырмау.

Осыған байланысты, біз, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері нашақорлыққа бейім адамдарды анықтау үшін психодиагностикалық әдістемені әзірлеумен айналысатын жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жасадық. Жұмыс тобы қызметінің нәтижелері бойынша тәуелділікке бейім адамдарды бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін психодиагностикалық әдістеме құру жоспарлануда. Осы бағытта жүргізілетін жұмыс өз жемісін береді, ал оның нәтижесі республикалық ауқымдағы проблемаға қарсы күресте көмекші құрал болады деп үміттенеміз, – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Полиция подполковнигі Айгүл Закирова 2023 жылдың екінші тоқсанында Ішкі істер министрлігі құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша бірқатар шара өткізгендерін айтты. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керегін тілге тиек етті. Бұл ретте психодиагностикалық әдістемені ғана емес, сонымен қатар тәуелділікке бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша әдістемелік ұсыныстарды да әзірлеу қажеттілігіне назар аударды.

Кездесу барысында спикерлер психодиагностикалық құралдарды әзірлеу мен тәуелділікке бейім адамдарды тану және жеке құраммен жұмыс істеу бойынша бөлімше командирлері үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қажеттігі туралы қорытындыға келді.

- Қазіргі заманның шынайы көрінісі қазақстандық қоғамда тәуелділік проблемасының ауқымды болып бара жатқанын байқатады. Тәуелділік мәселелерімен күн сайын кездесу барысында, әсіресе Қазақстан Республикасының Үкіметі көтерген құмар ойындары мәселелерімен бетпе-бет келген кезде шетте қалуымызға болмайды. Жұмыс тобы негізінен зиянды әдеттерге тәуелділік жайлы ескертуді немесе есірткі мен құмар ойындарының құрығына іліккен жандарды дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсетуді көздейді, – деді әділет майоры Шолпан Қабжанова.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдарға ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс жоспары-кестесін келісуге жіберу және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандарын әдістемені әзірлеуге қосу туралы шешім қабылдады.

 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі