
Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қостанай қаласында адасып кеткен кішкентай қызды тауып, ата-анасымен қайта қауыштырды.
Өткен демалыс күндері әскери жасақ бастығы – қатардағы жауынгер Мұрат Күмісбеков пен бірге патрульдеп жүрген қатардағы жауынгерлер Алматы Жетпісбаев пен Айбарс Маккам «Март» сауда-ойын-сауық орталығының маңында ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай қызды байқады. Белгілі болғандай, қыз бала көлікте жалғыз қалып, зеріккен соң сыртқа шыққан. Салдарынан адасып қалған.
– Біз дереу полиция департаментінің жедел басқару орталығына хабарластық, сол сәтте қызды ата-анасы іздеп жатқанын білдік. Қыздың әкесі 15 минуттан кейін біздің қасымызға келді. Содан кейін біз баланы ата-анасына тапсырдық, - деді қатардағы жауынгер Мұрат Күмісбеков.
Баланың ата-анасы әскери қызметшілер мен олардың командирлеріне жауапты қызметі үшін алғыс айтты.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі