
Осыдан тура 32 жыл бұрын 1992 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері құрылып, 2014 жылғы 21 сәуірде олар Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Бірақ, әскерлердің даңқты дәстүрлеріне берілгендігін сақтай отырып, құқықтық тәртіп әскерлерінің құрылған күні 10 қаңтар болып саналады. Осы уақыт аралығында ұландықтар қоғам мен мемлекеттік ішкі қауіпсіздігін сенімді түрде қамтамасыз етеді. Адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және басқа да заңсыз қол сұғушылықтардан қорғайды.
Атаулы күнге орай, ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында әскердің құрылған күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Шара барысында жауынгерлік міндеттерін адал атқарғаны, әскери қызметтегі жетістіктері және әскердің құрылу күніне орай 79 әскери қызметші Ішкі істер министрінің бұйрығымен, ал Ұлттық ұлан Бас қолбасшының бұйрығымен әскердің мерейтойын мерекелеуге орай 18 әскери қызметші мерзімінен бұрын әскери шен алып, 172 әскери қызметші марапатталды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қөолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов ардагерлер мен жеке құрамды әскердің құрылған күнімен құттықтады.
Сонымен қатар, көршілес елдердің Ішкі әскерлерінің қолбасшылары атынан құттықтау жеделхаттары оқылды және Арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары полковник Саят Бурбасов та ұландықтарға тілегін жеткізді:
Ұлттық ұланның әскер ардагерлері мен әскери қызметшілерін бүгінгі атаулы күнмен құттықтаймын. Сіздер қоғам мен ел тыныштығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, нағыз ерлік пен өжеттіктің, табандылық пен ұстамдылықтың символын танытасыздар. Сіздердің өлшеусіз ерен еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаға ие, сол себепті қиын да жауапты қызметтеріңізге табыс және отбастарыңызға амандық тілеймін. Ұлттық ұланның құрылған күні құтты болсын!
Ұлттық ұланның құрылған күнін атап өту 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан – ел қорғаны» ұранымен Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің Гала-концертімен аяқталады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі