Ұлттық ұланда қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды

Ұлттық ұланда қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды

5 қаңтарда ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен барлық әскери бөлімдерінде құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлерлік батылдығы мен ерлігін дәріптеуге арналған «Мәңгілік сапта» акциясы өтті.

Бұл күні Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қаңтарда қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алады. Жеке құрамға 2022 жылдың қаңтарында елімізде болған оқиғалар туралы және әскери борыш пен Әскери антқа адал болған әскери қызметшілер жайлы деректі фильмдер көрсетілді.

Акцияның мақсаты – әскери қызметшілерде жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыру, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда батылдық пен жанқиярлықты насихаттау. Акция сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған.

2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған елдің барлық қалалары мен елді мекендерінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті.

- Бүгін біз ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілер мен ішкі істер органдарының қызметкерлерін еске алып отырмыз. Олар – мерзімді қызметтің әскери қызметшілері қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров пен қатардағы жауынгер Айбат Аманов, полиция капитаны Рахат Сланбеков, полиция старшинасы Ринат Қамбетов, полиция сержанты Ален Асылханов, әділет прапорщигі Ербол Ержанов, полиция кіші сержанты Нұрболсын Алмасов. Бұл азаматтар Отан алдында адал және жанқиярлықпен қызмет көрсетті, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов сол қайғылы оқиғалар кезінде өздерінің әскери борышын атқарған барлық жас жігіттің батыл да батыр бейнесі болып мәңгілік есте қалды. Олардың барлығы қайсар рухы, Отанға деген зор сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Сондықтан оларды нағыз батыр деп айтуға болады.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік борышын орындаудағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін мерзімді әскери қызмет атқарған әскери қызметшілер – қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ұландықтар өмірінің соңына дейін заңға және Қазақстан халқына адал қызмет еткен Отан қорғаушылардың барлығын әрқашан жадында сақтайды. Айбат пен Мадияр есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қаһармандар шежіресіне енген ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісі болып қала береді.

 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі