
Халықаралық балалар күні қарсаңында Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің балалары арасында «Ұлттық ұлан балалар көзімен» байқауы өткізілді.
Байқау жас айырмашылығына қарай екі категория бойынша, яғни 5-7 және 8-10 жас аралығындағы балалардың жұмысын қамтыды. Байқауға жалпы саны 42 сурет жолданып, оның ішінде екі топтан он-оннан 20 жұмыс іріктеліп алынды. Жеңімпаздар Ұлттық ұланның «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшасында суреттерге онлайн дауыс беру арқылы анықталды.
5 пен 7 жас аралығындағы категорияда 3660 әскери бөлімінің офицері капитан Азамат Жақыповтың қызы – Аружан Самат 776 дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Осы топта 697 дауыс жинаған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы офицері подполковник Жайылхан Баекеевтің қызы – Жандира Сейілханға 2-орын бұйырды. Ал 3517 әскери бөлімі 2 атқыштар ротасының маманы кіші сержант Мақсұт Усиннің қызы – Самира Усина 608 дауыспен 3-орынды иеленді.
8 бен 10 жас аралығындағы санатта 3650 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Айдар Ахметовтың қызы жеңіске жетті. Жеңімпаз Камила Қамбар байқау нәтижесінде 1829 дауыс жинап, ең жоғары көрсеткішке ие болды. Ал екінші орын тұғырынан көрінген Инзира Қайырбайдың әкесі де, анасы да – әскери қызметші. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің штаб бастығы майор Елтай Рахымжанов пен қаржы қызметінің жауапты орындаушысы кіші сержант Әлия Рахымжанованың қызы Инзира салған суретке 643 адам дауыс берген. Ал 571 дауыс жинаған Санжар Нариман үшінші орынды иемденді. Жас суретшінің әкесі – 6654 әскери бөлімі кинологиялық орталығының 2 взвод командирі 3 сынып сержанты Ақылбек Серғазиев.
Сондай-ақ, комиссия шешімімен жақсы салынған сурет иелеріне қосымша орын тағайындалды: жедел мақсаттағы рота сержанты аға сержант Әсет Оразбаевтың қызы – Камила Оразбаева І орынға, 2 құтқару батальонының командирі майор Бақытбек Тойшыбековтың ұлы – Әли Диханбек ІІ орынға, 5451 әскери бөлімінің офицері капитан Олжас Ғалымовтың қызы – Білім Сәнсұлу ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың дипломымен, ал қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталатын болады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі