
20 мамырда сағат 07.30 шамасында Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімінің маңында жол-көлік апаты орын алып, нәтижесінде «Mazda» автокөлігінің 50 жасар жүргізушісі дене жарақатынан кейін есінен танып қалған.
Жапа шеккенге алғашқы болып көмекке әскери дәрігер сержант Гүлзира Қожағұлова келді. Ол сол кезде үйінен қызметке келе жатқан болатын. Кенеттен көз алдында жол-көлік апаты орын алады. Әскери қызметші бұл туралы бірден 5513 әскери бөлімінің кезекшісіне баяндап, оқиға орнына кезекші дәрігерді шақырады.
- Мен жеке көлігіммен қызметке келдім. Осы сәтте екі көліктің соқтығысқанын байқадым. Көлігімді жолдың жиегіне қойып, оқиға орнына бардым. Қарасам, бір ер азамат ес-түссіз жатыр екен. Содан кейін әскери бөлімнен кезекші дәрігерді шақырттым, — дейді Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімінің фельдшері сержант Гүлзира Қожағұлова.
Бұдан соң ол әріптесі Нұрлан Барақбаевпен зардап шеккен ер азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенше оның есін жиғызды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі