
Астанада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың төрағалығымен Әскери кеңес өтті. Онда әскерлердің биылғы 9 айда атқарған қызметтік-жауынгерлік іс-қимылының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Әскери кеңестің отырысына өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері және олардың орынбасарлары, басқармалардың, Бас қолбасшылықтың дербес бөлімдерінің бастықтары, сондай-ақ тікелей бейнебайланыс арқылы Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінің командирлері қатысты.
Іс-шараны ашқан әскердің Бас қолбасшысы қатысушылардың назарын "Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын бекіту туралы" Жарлықта көрсетілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша Ұлттық ұланда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға аударды.
Әскери кеңесте Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов "Жауынгерлік (жұмылдыру) дайындығы, жауынгерлік міндеттерді орындау нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы" баяндама жасады.
Өз кезегінде Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов отырысқа қатысушыларды өткен кезеңдегі Ұлттық ұландағы әскери тәртіп, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы хабардар етті. Онда әскери полицияның әскери ортадағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы маңызды рөлін атап өтті.
Содан кейін сөз кезегі Бас қолбасшының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұловқа берілді. Ол әскери қалашықтар нысандарын жылыту маусымына дайындау нәтижелерін баяндады. Бұдан әрі өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары толғандырған мәселелер туралы сөз сөйледі.
Әскери кеңесті қорытындылай келе, Бас қолбасшы барлық деңгейдегі басшылардың жұмысындағы негізгі бағыттарды анықтап берді. Олардың басым бөлігі әскери бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін дамыту, әскердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті қатаң сақтаумен байланысты.
- Командирлер мен бастықтар жұмысының маңызды бағыты кәсіби кадрларды даярлау жүйесін үнемі жетілдіру – оларды сапалы іріктеу, жеке құраммен өзара іс-қимыл деңгейін арттыру болып қала береді. Келісімшарт бойынша және әскерге шақыру бойынша келген әскери қызметшілер үшін қызмет көрсету жағдайларын жақсарту, оларды қажеттінің бәрімен қамтамасыз ету біздің басымдығымыз болуға тиіс. Бюджет қаражатын игеру, сондай-ақ жаңа әскери қалашықтар мен казармалар салу маңызды мәселе болып қала береді, - деді Бас қолбасшы.
– Жалпы, биылғы кезеңде атқарылған жұмыстың нәтижелері көңіл қуантарлық . Жауынгерлік қызметтің барлық міндеттері толық көлемде орындалды. Тылдық қамтамасыз етуге, қару-жарақ пен техникаға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл біздің әскери қызметшілеріміздің шеберлігі мен кәсібилігін дамытудағы оң қадам болып табылады. Сіздердің әрқайсыларыңыз болашақта да жүктелген міндеттерді орындауда үлкен жауапкершілік танытатындарыңызға сенімдімін, - деді генерал-лейтенант Еркін Ботақанов қорытынды сөзінде.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі