Құқықтық тәртіп әскері Конституция күнін атап өтті

Құқықтық тәртіп әскері Конституция күнін атап өтті

29 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Ата Заң күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамы мен әскердің ардагерлері қатысты.

Шара Үлгілі-көрсетімді оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды және жүргізушілер Ата Заңның мәртебесі туралы қысқаша ақпаратпен таныстырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов мерекелік баяндама жасады:

- Бүгінгі таңда  адамның бостандығы мен конституциялық құқықтарын қорғау жолында Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне ерекше жоғары жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет басшысын әскерлердің тыныс-тіршілігі үнемі қызықтырады. Оның басты назарының арқасында Ұлттық ұлан қазір күшті кадрлық және техникалық әлеуетке, жедел іс-әрекет ететін, жақсы жабдықталған мобильді бөлімшелерге ие.  Ұлттық ұлан әрқашан қылмысқа қарсы тосқауыл қоюға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, елдегі тиісті құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және қамтамасыз етуге қабілетті қуатты мемлекеттік жүйе ретінде әрекет етіп келеді.

Осы мереке күні құқық қорғау әскерінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған ардагерлерімізге ерекше алғыс айтуымыз керек. Олар қатарымызда жүріп жас офицерлерді оқытып, бүгінгі күні тәжірибе алмасуды жалғастыруда.  Салтанатты күн қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін! – генерал-майор Қайрат Үмбетов атап өтті.

Кеш барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрықтарымен қызметтік міндеттерін адал атқарған және қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерді медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапаттады.

Ардагерлер атынан сөз алған Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Тоқышев Қалиақпар Жұбанышұлы да өзінің жылы лебізі мен тілегін жеткізді.

          - Бүгінде Ұлттық ұланға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әскердің қару-жарақтары және техникалары жаңартылды. Барлық жағдай жасалуда. Сондықтан біздер қолда бар тәуелсіздігімізді мәңгі сақтауымыз керек.

Баршаларыңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заңымызға адалдық танытып, болашаққа зор сеніммен қадам баса беріңіздер. Еліміздің гүлденуі жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын! – деді генерал-майор Қалиақпар Тоқышев.

Шара соңы патриоттық тақырыпта әзірленген Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің мерекелік концертімен жалғасты.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі