
Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің алматылық әскери қызметшілері үш жасар баланы тауып, ата-анасына табыстады.
24 тамызда Қонаев қаласында патрульдеу бағытында патрульдік-бекеттік қызмет атқару кезінде ұландықтарға 3 жаста жоғалған бала туралы ақпарат келіп түсті.
Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Абдулла Тұрарбек патрульдік қатардағы жауынгер Ахмад Махсот пен Жалғас Сабыржановпен бірлесе отырып, жоғалған баланы іздей бастады.
– Бағдарды алғаннан кейін біз баланы сәйкестендіру белгілері бойынша іздеуге кірістік. 15 минуттан кейін бала Достық көшесіндегі банк бөлімшесінің жанынан табылды, - дейді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Абдулла Тұрарбек.
Содан кейін ұландықтар баланы ата-аналарына тапсырды. Олар өз кезегінде әскери қызметшілерге әскери қызметті мұқият атқарғаны үшін алғыс білдірді.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі