Талғат Бигелдиновтың туған күніне орай марафон ұйымдастырылды

Талғат Бигелдиновтың туған күніне орай марафон ұйымдастырылды

19 тамыз күні Астанада Кеңес одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдиновтің туғанына 101 жыл толуына орай қазақстандық әскерилер арасында жүгіруден жарыс өтті.

5 км және 10,1 шақырым қашықтықтағы марафонға Ұлттық ұлан сарбаздары мен сардарлары, ұшқыштар мен теңіз жаяу әскерлері, шекарашылар және әуесқой атлеттер қатысты.

Жарыс ұйымдастырушы - «Атамның аманаты» қауымдастығының төрағасы Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, әскерилер, қоғам белсенділері және елорда әкімдігі бірлесе отырып, екі мәрте Кеңес одағының батыры атанған Талғат Жақыпбекұлының туған күнін осындай ерекше түрде атап өтуді ұйғарған.

«Батырдың туған күнін осындай бұқаралық сипатта атап өткенді жөн көрдік. Сол себепті де бүгін әскердің барлық түрі жүгіру алаңына жиналып отыр. Бүгінгі күн жарысқа қатысушылардың есінде ұзақ сақталады деп ойлаймын. Сондай-ақ осы марафонды жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдыруға болады деп санаймын», деді Мұрат Молдағалиев.

Іс-шараның ашылу салтанатында құрметті қонақтар қатарында болған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін біз сіздермен бірге қазақтың даңқты ұлы, шебер ұшқыш, Кеңес одағының екі мәрте батыры болған Талғат Бигелдиновтың 101 жылдығы аясында жиналып отырмыз. Оның жасаған ерлігі мен ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіске қосқан үлесі барлықтарыңызға үлгі болсын», деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Жарыс жолына шыққандардың арасында сарбаздар мен әскери қызметшілерден бөлек, қала тұрғындары да болды. Олардың ішінде жасы да жасамысы бар.

«Қырық жылдан бері жүгірумен және жүзумен айналысамын. Бүгін 5 шақырымда бақ сынадым. Бұл қашықтықты күн сайын жүгіріп өтемін. Бір айда 150 шақырым жүгіріп шығамын. Ал бүгінгі жаттығуымды Т. Бигелдиновтің құрметіне арналған жарыс аясында орындап шықтым. Нәтижем өз жасыма сай, лайықты көрсеткіш деңгейінде болды. Әскерилердің осындай жарыста бақ сынағанын көріп, риза болып отырмын», деді 61 жастағы ҰҚК-нің запастағы подполковнигі Елеусіз Бардабай.

Айта кетейік, марафонның барлық қатысушыларына медаль табысталып, естелік сыйлық берілді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі