
2023 жылдың 4-14 тамыз аралығында Беларусь Республикасының бірнеше қаласында ТМД елдері арасында II-ші ойындар өтуде.
Жарыс Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісімін қабылдаған елдер арасында өткізіліп жатыр.
Аталған жарысқа отандасымыз, Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Еламан Қойшыбаев та қатысты.
Жарыс барысында табысты өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жартылай финалда қырғыз самбошысы Жамалбек Асылбектен жеңіліп, 3-ші орынды місе тұтты.
- Самбодан ТМД елдерінің ойындарында қолдау көрсеткен және еліміздің атынан өнер көрсетуге мүмкіндік жасаған жандарға шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Ұлттық ұлан қолбасшылығы маған елімізді халықаралық аренада танытуға мүмкіндік жасады. Бұл маған спортшы ретінде де, тұлға ретінде де өсуге көмектесетін керемет тәжірибе болды, - деп атап өтті Еламан Қойшыбаев.
Айта кетейік, ТМД елдерінің ойындары – ұлттық және олимпиадалық спорт түрлеріне негізделген тұрақты жарыстардың бірі.ТМД елдерінің ойындары достық қарым-қатынасты нығайтып, спорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Осындай жарыстарды өткізудің арқасында қатысушылар спорттық шеберліктерін арттырып, халықаралық жарыстарда мол тәжірибе жинай алады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі