Жақында ғана әскери ант қабылдаған сарбаздар (1-2023 әскерге шақырылғандар) елорда аудандарда қызмет етуде.
Айта кетейік, олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын құқыққа қайшы және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғай отырып, қоғамдық тәртіпті қорғауды қолға алады.
Күн сайын елордалық жедел бригаданың мыңнан астам әскери қызметшісі - офицерлер, сержанттар мен сарбаздар 2 ауысымда елорданың 5 әкімшілік ауданында қызметке кіріседі.
Жауынгерлік қызметтің бірінші күні бөлім командирінің бірінші орынбасары - штаб бастығы полковник Ержан Әбдіқалықов жас сарбаздардың қызметіне табыс тіледі.
Сондай-ақ, әскери қызметшілерді Астана қаласы жергілікті полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ержан Әділбеков және 5573 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Абай Дисенбеков құттықтады.
Полковник Ержан Әбдіқалықов жауынгерлік қызмет кезінде бригаданың әскери қызметшілері үнемі қылмыс фактілерін ашып, қылмыскерлерді ұстайтынын, ұрланған заттар мен есірткілерді тапқанын атап өтті. Олар сондай-ақ азаматтарға жоғалған балаларды немесе басқа туыстарын табуға жиі көмектеседі.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында елордалық бригаданың әскери қызметшілері 3000-нан астам құқық бұзушыны ұстады және полицияға тапсырды. Осы уақыт ішінде олар 80 рет қырағылықтың жарқын үлгісін көрсетті, 37 азаматты ұстауға көмектесті және 2800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесті.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі