Ұлттық Ұлан сарбазы суға батып бара жатқан спортшыны құтқарды

Ұлттық Ұлан сарбазы суға батып бара жатқан спортшыны құтқарды

2023 жылдың 21 шілдесінде сағат 17:02 – де елордадағы "Студенттік саябақта" қоғамдық тыныштықты бақылап жүрген Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің әскери жасағы өзен жағасынан өтіп бара жатып, суға тұншығып, көмекке шақырған баланы байқаған.

Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Әлібек Ноғаев бұл туралы радиостанция көмегімен патрульдік топтың бастығы қатардағы жауынгер Ахат Матаевқа дереу баяндай салысымен киімін шешіп, суық суға секірген.

Белгілі болғандай, 12 жасар бала ескек есу бойынша жаттығу кезінде жел екпінінен каноэді (қайық) аударылып, жасөспірім суға бата бастаған. Осылайша, қырағы жауынгерлердің батыл және шешуші әрекеттері оны ажалдан аман алып қалды.

Бала спорттық жаттықтырушысына табысталды. Олар құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілеріне алғыстарын айтты.

Айта кетейік, қатардағы жауынгер Әлібек Ноғаев осы оқиғадан кейін қызметін қайта жалғастырды. Ал бүгін таңертең аталған әскери жасақтың барлық құрамы елордалық жедел бригада командирінің алғысына бөленді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі