Әскери қызметші чемпион атанды

Әскери қызметші чемпион атанды

2 шілде бокстан Астанада өтіп жатқан "ELORDA CUP" ІІ халықаралық турнирі аяқталды. Іс-шара 27 маусым мен 2 шілде аралығында "Beeline Arena" спорт кешенінде өтті. Турнирді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, спортты дамыту дирекциясы, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырды.

Бір апта ішінде 12 елден келген 200-ден астам спортшы 13 салмақ дәрежесінде кімнің мықты екенін анықтады. Нәтижесінде, Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Тимур Қабдешев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілді.

- Тимур әр жекпе-жекке тыңғылықты дайындалды. Бұл жеңіс өзі үшін ғана емес, Ұлттық ұланның барлық жеке құрамы үшін мақтаныш болды. Ол біздің әскери қызметшілеріміздің спорттық жарыстардағы жоғары кәсібилігі мен күшін дәлелдеді, – деп атап өтті Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы полковник Сатжан Әбішев.

Қазақстанда боксты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Үкіметтің белсенді қолдауының және инфрақұрылым мен жаттықтырушылар құрамына инвестиция жасаудың арқасында бокс еліміздегі ең танымал және құрметті спорт түрлерінің біріне айналды. Отандық боксшылар халықаралық жарыстарда үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

– Менің бүгінгі жеңісім өзіме ғана емес, сонымен қатар менің шеберлігімді жақсартуға көмектескен жаттықтырушылар құрамының тамаша жұмысымен де байланысты.

Сондай – ақ, Ұлттық ұлан қолбасшылығына халықаралық деңгейдегі турнирге қатысуға мүмкіндік бергені үшін, сонымен қатар турнирдің ұйымдастырушылары мен демеушілеріне алғыс білдіргім келеді, - деді турнирдегі жеңістен алған әсерімен бөліскен ефрейтор Тимур Қабдешев.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі