Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов жұмыс сапарымен елімізге келген Беларусь Ішкі әскерлерінің делегациясымен кездесті. Делегацияны Беларусь Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшысының тылдағы орынбасары полковник Виталий Наркевич бастап келді.
Құрметті қонақтар Қазақстандағы құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік қызметімен және орындайтын міндеттерімен танысты. Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Беларусь Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері арасындағы құқық қорғау және тыл салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өзара іс-қимылдың одан әрі перспективалары белгіленді.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Беларусь Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері орындайтын міндеттер іс жүзінде бірдей. Болашақта Қазақстанның жаңадан құрылған облыс орталықтарында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін құру жоспарлануда. Биылғы мамыр айынан бастап Қонаев қаласында патрульдік-бекеттік қызмет жүзеге асырыла бастағанын айта кетейін. Бұл қала республика бойынша Ұлттық ұлан сарбаздарының қоғамдық тәртіпті бақылайтын 20-қалаға айналды, - деп атап өтті Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Кездесу барысында полковник Виталий Наркевич Қазақстан Ұлттық ұланының қолбасшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Абай облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты барлық қазақстандықтарға көңіл айтты.
Полковник Виталий Наркевич делегация мүшелерін – Беларусь Республикасы ІІМ ІІК бас басқармасының тыл басқармаларының бастықтарын таныстырды.
Келесі кезекте қонақтар Әскерлерді басқару орталығына шақырылды. Ондағы кездесу ҚР Ұлттық ұланы өңірлік қолбасшылықтары қолбасшыларының орынбасарлары мен тыл бойынша тікелей бағынысты бөлімдер командирлерінің орынбасарларының қатысуымен онлайн-режимде жалғасты. Іс-шараның модераторы ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов болды.
Сондай-ақ мұнда Беларусь елінің әскерилері орталықтың жұмысымен танысты. Ал тыл командирлерінің орынбасарлары өздерінің бағынышты аймақтық қолбасшылықтарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы қысқаша айтып берді.
Бұдан кейін делегацияның жұмыс сапары 5573 әскери бөлімінде жалғасты. Онда қонақтар елордалық жедел бригаданың қызметтік-жауынгерлік қызметімен және «Үркер» тұрғын алабындағы әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі