
20 сәуір сағат 16.30 шамасында Қызылорда қаласында патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында тәртіп сақшылары Тәуелсіздік көшесінде түтіндеген үйді байқайды.
Патруль бастығы полиция лейтенанты Н. Қайырбаев Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Кирилл Лосицкий және Ниязәлі Дәулетпен бірге патрульдеу бағытымен жүріп келе жатқан кезде тұрғын үйлердің бірінен көк түтінді көреді.
Бұл туралы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тез арада әскери жасақ бойынша кезекшіге баяндап, медицина мамандары мен өрт сөндірушілерді ақпараттандырып, оқиға орнына қарай беттейді.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына келісімен дереу көпқабатты үйдің тұрғындарын өрт туралы хабардар етіп, оларға баспаналарынан шығуға жәрдемдеседі. Осы уақытта тұрғындардың бірі патрульдік топқа тілсіз жау шыққан пәтерде білдей бір жанұя тұратынын айтады. Көк түтінге қарамастан, жасақ әлгі пәтердің есігін қаққанынан ештеңе шықпайды. Бұдан соң патруль бастығы есікті бұзуға шешім қабылдап, үйге кірген сәтте ес-түссіз жатқан төрт адамды көреді.
Полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері шұғыл түрде барлық тұрғындарды сыртқа шығарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Өрт сөндірушілер келген бетте патруль өртті залалсыздандыруға да көмек беріп, тілсіз жауды бірлесіп ауыздықтайды.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі