
Үйдің ауласында спирттік ішімдікті ішіп отырған ер азамат тәртіп сақшыларының талаптарына құлақ аспаған.
Оқиға Семей қаласында 16 сәуірде сағат 14:10 шамаларында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша қызмет атқару барысында орын алған.
Ұлттық ұлан 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Виктор Тютюников полиция басқармасының қызметкері полиция капитаны Арайлым Құрметовамен бірге карантиндік шаралардың бұзылу дерегін анықтады. Нақты айтқанда, үйдің ауласында спирттік ішімдік ішіп отырған бұзақыны сабасына келтірді.
Жасалған ескертулерге қарамастан азамат сөз қайтарып, тіпті, полиция қызметкеріне жұдырық алып жүгірмек болған. Оқиғаны дереу бағамдаған ұландық жекпе-жек ұрысының әдісін қолдану арқылы бұзақының заңсыз әрекетіне тосқауыл қояды.
Аталған азамат мән-жайды анықтауға Семей қаласының полиция басқармасына жеткізілді.